Саясат

Жапаров қарындасы үшін халықтан кешірім сұрады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жиен қарындасы Лазат Нұрқожоеваның әлеуметтік желідегі әрекеті үшін қырғыз халқынан кешірім сұрады.

Бұл туралы ол «Кабар» агенттігіне түсініктеме берді, деп жазады Kazinform агенттігі.

24 маусым күні Қырғызстандағы Оруу-Сай шатқалында 23 жастағы Лаззат Нургожоеваның «Маған үйлен» рәсімі өткен. Салтанатты шарадан түсірілген видеоны Нургожоеваның өзі Instagram парақшасында жариялады. Видеода қалыңдық пен күйеу жігіттің шатқалға ТЖМ-ға тиесілі тікұшақпен сәнді безендірілген платформаға келгенін көруге болады.

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырап, Нургожоеваны отбасылық байланысын пайдаланды деп айыптады.

Айта кетейік, Қырғызстан ТЖМ ресми түрде тікұшақтарды жалға береді. Тікұшақты бір сағатқа жалға алу құны – 185 000 сом (шамамен 2 150 доллар). Президент Жапаров өз түсініктемесінде тікұшақтарды жалға беруден келген қаржы бюджетке түсетінін, бұл ақшаға ТЖМ тікұшақ паркі жаңартылатынын баса айтты. Бұл ретте ол отбасы мүшелерінің ақша шашудан аулақ болуы керектігін атап өтті.

– Ел басшылығына жақын адамдар өзгелерге үлгі болуы керек. Мен ысырапшылдыққа нүкте қою керектігін жиі қайталаймын. Ең болмаса, болашақ күйеу бала осылай жасамас бұрын мені қолдап, ойлануы керек еді. Сынамауға, Президентті ыңғайсыз жағдайда қалдырмауға тырысу керек еді. Менің ойымша, ол мұны балалықпен жасады. Ол жай ғана келіп қолын сұраса да, оған жоқ демес еді, – деді Жапаров.

Сондай-ақ, Жапаров туыстарына қатаң талап қоятынын, оларды бұрынғы қателіктерге жол бермеуге, мемлекет ісіне араласпауға үнемі шақыратынын атап өтті.

– Мен басқаларды сынайтынмын. Енді бұл жағдай өз басыма келді. Жиенім үшін халықтан кешірім сұраймын. Ол халықтың пікірін тыңдайды. Бұл жағдайдан дұрыс қорытынды шығарады деп есептеймін. Оның үстіне ол жаңа өмірін бастап, отбасын құрғысы келеді және оның әрбір қадамы болашақта парасатты болады деп сенемін, – дейді Қырғызстан президенті.

TuraNews

Back to top button