Қоғам

Жаңа жылдың қарсаңында Ұлан ауданында жаңартылған мектеп таныстырылды

Биыл Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы мектеп заманауи стандарттарға сәйкес жаңғыртылды.

30 желтоқсанда Жаңа жылдың қарсаңында мектепте ашық есік күні өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Бұл тірек мектеп – «Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектебінің әлеуетін арттыру» жобасының қатысушысы.

Жобаның мақсаты — ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті жоюға жәрдемдесу.

Бозанбай орта мектебінде – 33 кабинет жаңғыртылды, биыл 281 оқушы оқиды. Мектепте мектепалды даярлық сыныптарынан бастап, бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін арнайы жабдықталған физика, химия, биология, информатика кабинеттері, қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері, сонымен қатар робототехника, ART-студия, STEM-зертхана және телестудия кабинеттері ашылды.

Биылғы жылы жоба аясында мектептің материалдық базасы Қазақстан халқына қорынан бөлінген 250 млн теңге қаражатқа жаңартылса, жергілікті бюджеттен 271 млн теңгеге мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

Ашық есік күніне қатысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев

— «Шығыс Қазақстан облысы білім сапасы жағынан елімізде алдыңғы қатарда екендігі барлығымызғы мәлім. Сондықтан осы үрдісті сақтап, ары қарай жалғастыруымыз керек. Бұл ретте осындай тірек мектептердің атқарар рөлі өте зор. Қазіргі уақытта облысымызда тірек мектептердің саны 8- ге жетті. Келесі жылы тағы да 4 тірек мектебін іске қоссақ деген жоспарымыз бар»,- деп атап өтті.

Материалдық-техникалық жабдықтаудан бөлек, мектептің педагогикалық ұжымына оқыту бағдарламалары мен әдістемелік қолдау көрсетіледі. Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе отырып, тірек мектептеріндегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалады. Бұл әдістемелік қолдау алдағы 3 жыл бойы жалғасады.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның 56 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылды. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы 2022 жылы басталды. Оның мақсаты — ауыл және қала мектептері арасындағы білім теңсіздігін жою. «Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі демеушілік ететін жобаның операторы — Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры. Ал жобаның академиялық бөліміне жауапты бас серіктес — «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ.

TuraNews

Back to top button