Саясат

Жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есе арттыру міндеті тұр — Серік Жұманғарин

Үкімет Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер бойынша басты бағыттарды атады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

— Жалпы ішкі өнімді 2029 жылға қарай екі есе арттыру міндеті тұр. Осы мақсатта жоғары инвестициялық белсенділікті ынталандырудағы мемлекеттің белсенді рөлі есебінен экономикалық өсудің жедел қарқыны қамтамасыз етіледі. Үкімет жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жоғары экспорттық өндірістер құру бағытында автомобиль жасау, теміржол машиналарын жасау, химия өнеркәсібі және мұнай-химия, сирек кездесетін металдарды қоса алғанда минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты перспективалы бағыттарды айқындап отыр, — деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, аталған салаларға бағыт бұру экономиканың өсуіне ықпал етеді.

— Осы өлшемшарттарды ескере отырып, салалық министрліктер әкімдіктермен бірлесіп нарықты нақты түсінумен, инвестиция қажеттіліктерімен, жобалардың болжамды географиялық орналасуына қарай жобалар тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізеді. «Инвестицияға тапсырыс» жобасының жалпы жоспарланған сомасы 5 трлн теңгеден асады. Талдау, құрылымдау және инвестиция тарту бойынша жұмыс «Бәйтерек» холдингімен жүргізіледі, — дейді министр.

Одан әрі Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер бойынша басты бағыттарды атады:

  • Жаңа инвестициялық цикл;
  • Alatau City-ды дамыту;
  • Инфляциямен күрес;
  • Импортқа тәуелділікті азайту;
  • Экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту.

Бүгін Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жолдарын пысықтап, талқылап жатыр.

Via
Kazinform

TuraNews

Back to top button