«Жайлы мектеп»: Шемонаихада жаңа білім ордасының құрылысы аяқталды
Шемонаиха ауданында 300 орынға шақталған жаңа мектептің құрылысы аяқталды.
Бүгін білім ордасының ашылуы өтіп, құрылыс жұмыстарының барысымен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев арнайы келіп танысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
– Мектеп керемет, сөз жоқ. Бірақ оның тиісті білім деңгейі де болуы керек. Ол жағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті ұстаздар. Әрине, елімізде «Жайлы мектеп» жобасын бастаған Мемлекет басшысына зор алғыс айтамыз. Көріп отырғандарыңыздай, мұнда балаларға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалыпты. Құрылыс жұмыстары абыроймен атқарылды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Жаңа мектеп Путейская көшесі, 16/1 мекенжайында орналасқан, оның жалпы ауданы – 5513,5 шаршы метр. Жобалау және салу жұмыстары «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылығымен жүргізілген. Бас мердігер міндетін «Фирма Азия» ЖШС атқарған, ал техникалық және авторлық қадағалауды «Восток Инжиниринг» ЖШС және «БК «OST-проект» ЖШС жүзеге асырыпты.
Мектеп директоры Назигүл Тотекинаның айтуынша, білім беру мекемесінде 1-11 сынып аралығындағы 335 оқушы, сондай-ақ мектепалды даярлық тобында 15 бала оқиды.
– Біз барлық қажетті рәсімді жылдам аяқтаймыз деп үміттенеміз. Бұйырса, үшінші тоқсаннан бастап оқушыларымыз жаңа мектепте білім алатын болады, – дейді мектеп директоры.
Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева бұл мектеп 90 жыл бұрын салынған ескі ғимараттың орнында бой көтергенін айтты. Ыңғайлы мектеп заманауи кабинеттермен, қажетті техникамен жабдықталған және мүмкіндігі шектеулі жандарға толықтай бейімделген.
Айта кетейік, қазір Шемонаиха қаласында төрт мектеп бар болса, оның бірі – осы білім ордасы. Алдағы уақытта №4 мектептің оқушылары мен педагогикалық құрамы жаңа ғимаратқа көшеді. Бұл, әсіресе, балаларын әбден ескірген мектепке беруге мәжбүр болған Теміржол ауданында тұратын ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болғаны сөзсіз.
Иә, Шемонаиха тұрғындары Шәкәрім атындағы №4 мектептің ашылуын асыға күтеді.
– Мұндай мектептер ойластырылған мемлекеттік саясаттың нәтижесі деп түсіну керек. Аталмыш мектептерде балаларға жайлы жағдай жасалып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына да жол ашылады, – деп түйіндеді Ермек Көшербаев.