Технология

Израильдік компания Қазақстанға су тұщыту жабдығын жеткізуге ниетті

Израильдік компания Қазақстанға, атап айтқанда Маңғыстау облысына су тұщыту жабдығын жеткізуге ниетті, деп хабарлайды Turanews.kz Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов суды тазарту жөніндегі шешімдер саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын «IDE Technologies» израильдік компаниясына барды. Кездесуде компанияның вице-президенті Михаел Трэмер су тұщыту қондырғылары мен өнеркәсіптік су тазарту құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану жөніндегі мүмкіндіктерін таныстырды.

С. Бұршақов тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзектілігін атап өтіп, осы саладағы ынтымақтастықтың маңызды әлеуетіне назар аударды. Осы орайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманғы технологияларды енгізе отырып, Маңғыстау облысының су тұщыту кәсіпорындарын жаңарту жөніндегі жобаларға түйінді мән беретінін айтты.

Келіссөздердің жалғасында Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты делегациясының Израильге сапары ұйымдастырылды. Жергілікті компания басшылығымен кездесуде тараптар теңіз суын тұщыту технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты, сондай-ақ қондырғыларды пайдалану бойынша тәжірибе алмасты. Қазақстандық делегация кері осмос технологиясы бойынша жұмыс істейтін Хадера қаласындағы су тұщыту кешенінің өндірісімен танысты.

«МАЭК» ЖШС бас директорының орынбасары А. Үйкекбаев израильдік компаниядан бұрын сатып алынған су тұщыту қондырғыларын пайдаланудың оң тәжірибесін атап өтті. Өз кезегінде израильдік компания Маңғыстау облысы әкімдігінің жобасы бойынша халықтың мұқтаждықтары үшін қуаттылығы тәулігіне 24 мың текше метр ауыз су тұщыту жабдығын жеткізуді ұйымдастыруға ниет білдірді.

TuraNews

Back to top button