Әлем

Израиль Газа қаласына шабуылын жалғастырды, мерт болғандар 65 мыңнан асты

Израиль әскері Газа қаласының ішіне кірді. Қаладан қашқан адамдар саны көбейіп барады, соққылардың салдарынан телефон мен интернет байланысы қайта-қайта үзіліп жатыр, деп хабарлайды Еuronews.

Израиль әскери әуе күштерінің хабарлауынша, артиллериялық бөлімшелер осы аптада қалаға 150-ден астам соққы жасаған. Нәтижесінде Израиль ХАМАС өкілдері әскери бақылау бекеттері ретінде пайдаланып отыр деп хабарлаған биік мұнаралар қирады.

Израиль әскерлері ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын жойғысы келетінін айтады, алайда шабуылдың қаншаға созылатыны туралы хабар жоқ. Олар Газаны ХАМАС билігінің орталық желісі деп отыр.

ЦАХАЛ мәліметтеріне қарағанда, дүйсенбі күні басталған құрлықтық операция барысында Газадан 500 мың палестиналық кетіп қалған.

Сектордағы аурухана қызметкерлерінің хабарлауынша, Израильдің түнде жасаған соққыларының салдарынан кемінде 16 адам қаза болды. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Ал ХАМАС үкіметінің құрамына кіретін Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерінше, анклавта мерт болғандар саны 65 062 адамға жетті.

Министрлік құрбандардың арасында бейбіт тұрғындар мен содырлар қанша екенін айтпай отыр. Алайда әйелдер мен балалар мерт болғандардың жартысын құрап отырғанын жеткізді.

 

Via
Kazinform

TuraNews

Back to top button