Изник: Түркияның тарихқа толы көне қаласы
Рим Папасы Лео XIV-тің Түркиядағы Изник қаласына сапар шегетіні туралы мәлімдемесінен кейін, бұл көне қала әлем назарын өзіне аударды. Сапардың басты мақсаты — христиан дінінің дамуындағы маңызды оқиғалардың бірі – 325 жылы өткен Бірінші Никея соборының 1700 жылдығын атап өту.

Изник (ежелгі атауы – Никея) — Ыстанбұлдан оңай жетуге болатын, Бурса облысындағы шағын әрі тыныш қала. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енген және Cittaslow (Баяу қала) мәртебесіне ие бұл мекен христиан сенімі үшін маңызды тарихи орындардың бірі саналады.

Христиан дінінің тірі мұражайы
Изник қаласы 325 және 787 жылдары өткен Бірінші және Жетінші Әмбебап соборларға куә болған. Бірінші соборда христиан дінінің негізін қалаған Никея сенім символы қабылданған. Бұл тарихи мұра қаланы Иерусалим мен Ватиканмен тең дәрежедегі қасиетті орынға айналдырды.
Қала аумағында битиндіктер, римдіктер, шығыс римдіктер (византиялықтар), селжұқтар мен османдар сияқты бірнеше өркениет өмір сүріп, өз ізін қалдырған. Христиан тарихының бастапқы кезеңдерінен сыр шертетін басты орындардың бірі — Изник көлінің астында қалған Сенат сарайының қирандылары. Археологиялық зерттеулер бұл жерде Әулие Неофитке арналған базилика-шіркеу болғанын көрсетеді. Ғалымдардың пікірінше, дәл осы жерде Бірінші Никея соборы өткен болуы мүмкін. Сондай-ақ, болашақта мұнда «Изник Базиликасы» атты жаңа мұражай ашылады.

Тарихпен тыныстау
Изниктің көне қалалық қорғаны — оның ең айқын тарихи белгілерінің бірі. Төрт негізгі қақпасы бар бес шақырымдық бұл қабырғалар қалаға шағын Ыстанбұл бейнесін береді. Солардың бірі — VII ғасырда салынған және 1331 жылы Осман билеушісі Орхан Ғазидың бұйрығымен мешітке айналған Айя-София ғимараты. Дәл осы жерде 787 жылы Жетінші шіркеу кеңесі өтіп, діни суреттерге (иконаларға) тыйым жойылған. Бүгінде мешіттің оңтүстік қабырғасында христиан дәуірінен қалған Иса пайғамбар, Бикеш Мария және Жақия бейнелері сақталған.

Сондай-ақ, келушілер Айя Трифон, Коймесис шіркеулері мен Гипоге (жер асты қабірі), ежелгі Рим театры сияқты христиан дәуіріне тиесілі нысандарды тамашалай алады. XIV ғасырда салынған медреседе орналасқан Изник мұражайы Рим, Византия және Осман кезеңдерінен қалған жәдігерлерді ұсынады. Қаланың әйгілі керамика шеберханалары, плиткалары, жергілікті балық тағамдары мен «Изник кефтесі» сапарға ерекше дәм мен әсер сыйлайды.

Ыстанбұлмен жалғасатын сапар
Ыстанбұлдан небәрі 2,5 сағаттық жолдағы Изник — тарихи және рухани мәнге толы бағыт. Изник сапарынан соң христиан мұрасын Ыстанбұлда жалғастыруға болады. Айя-София мен оған іргелес мұражай, Айя Ирина, мозаикаларымен әйгілі Хора (Қария) мешіті, Зейрек және Кішкентай Айя-София мешіттері – христиандықтың шығыс тарихынан сыр шертетін ерекше орындар.

Изник пен Ыстанбұлды байланыстыра отырып, христиан мұрасын жаңа көзқараспен танып білу, әсіресе Бірінші Никея соборының 1700 жылдығы аясында, ұмытылмас тарихи саяхат болмақ.