Басты

Юрий Ильин: Ленин шахтасындағы жағдайға 100 пайыз басшылық кінәлі

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 3-ші қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апаттың себебін айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.

«3 қарашада Ленин атындағы шахтада болған апат бұрын бұрғыланған дренаждық ұңғымалардан газ бен көмір шаңының көп мөлшерде шығуына байланысты кенеттен газдинамикалық құбылыс нәтижесінде пайда болды. Негізгі себеп – метанның шаңмен бірге көп мөлшерде шығуынан №79 пикет аймағындағы бұрғылау станогындағы бұрғылау штангасының металл бекіткіштерінің элементтеріне үйкелуі салдарынан ұшқын пайда болып, жарылыс орын алған», — деді министр.

Сондай-ақ, Юрий Ильин қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын айтты. Нақтырақ айтқанда инженерлік-техникалық персонал тарапынан тиісті бақылау болмаған, соның салдарынан жұмыс өндірісі дұрыс ұйымдастырылмаған.

Қазіргі уақытта Ленин шахтасының 26 қызметкері, оның ішінде басшылық лауазымды атқаратын екі шетелдік шахтадағы апатқа жауапты болып анықталды. Яғни, шахтадағы апатқа 100 пайыз басшылық кінәлі.

3 қарашада түнгі сағат 3.03-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газы жарылғанын еске салайық. Апат кезінде шахтада, жер астында 106 адам болған. 101 адам эвакуацияланды, бес адам қайтыс болды, төрт адам ауруханаға жатқызылды.

TuraNews

Back to top button