Жұма күні Иранда елдің жоғарғы басшысын қадағалайтын және тағайындайтын өкілетті орган – Парламент пен Сарапшылар ассамблеясына сайлау өтті.
Иран парламентіндегі 290 орын үшін 15 мың 200 үміткер күресті. Бұл ретте 88 орындық Сарапшылар ассамблеясына 144 дін қызметкері үміткер болды.
Дауыс беру уақыты күні бойы бірнеше рет ұзартылғаннан кейін сайлау учаскелері түн ортасында (Астана уақыты бойынша 01:30-да) жабылды, деп хабарлайды IRNA ақпарат агенттігі.
85 миллиондық Иран халқының 61 млн-нан астамы дауыс беру құқығына ие болды.
Елдің ішкі істер министрлігі сайлаудың алғашқы қорытындыларын сенбі күні жариялайды деп күтілуде.
Сайлауға қатысуға жіберілген әрбір кандидат аятолла Хаменеидің жанындағы 12 орындық консультативтік-кеңесші орган — Мақсаттылық кеңесінің мақұлдауынан өтуі керек еді.
Бұл сайлау — Махса Амини қайтыс болғаннан кейін жаппай наразылықтар басталғалы Ирандағы алғашқы сайлау.
Бірқатар БАҚ хабарлауынша, Ирандағы реформаларды жақтайтын көптеген кандидаттарға парламенттік сайлауға қатысуға тыйым салынды, ал кейбір саяси қайраткерлерге, соның ішінде Иранның бұрынғы президенті Хасан Руханиге Сарапшылар ассамблеясының сайлауына қатысуға рұқсат етілген жоқ.
2020 жылғы парламенттік сайлаудағы 41% сайлаушылардың қатысуы Ислам республикасы тарихындағы ең төменгі рекордты орнатқан 42,57% көрсеткіштен сәл төмен болды.
Сайлау Иран билігінің оларға белсенді қатысуға шақырулары, сондай-ақ оппозицияның бойкот жариялау туралы үндеулері аясында өтті.
Сайлау күні Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи өз азаматтарын сыртқы арам ойлылардың көңілін қалдыру үшін дауыс беруге шақырып, дауыс беруді елдің болашақ тағдыры үшін шешуші деп атады.
«Дүние жүзіндегі адамдар еліміздің істерін бақылап отыр, (Иранның) достарын бақытты етіңіз, ал жаман ниеттілердің көңілін қалдырыңыз», — деді Хаменеи.
Сарапшылар реформаторлар мен қалыпты кандидаттарды дисквалификациялаудан кейін 2020 жылғы парламентте көпшілік орынға ие болған консерваторлар мен ультраконсерваторлар қайтадан үстемдік алады деп күтеді. Иранның жаңа парламентінің алғашқы отырысы мамыр айының басында өтеді.