Жексенбіге қараған түні Иран Израильге дрон және қанатты зымырандармен жаппай соққы жасады. Мамандардың бағалауынша, бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұған дейін Израильге Сирия мен Ливан, Йемендегі ираншыл топтар соққы жасап келген.
Израильдің 12 арнасының хабарлауынша, Иран ондаған дрон ұшырған. Израильдің жоғары лауазымды өкіліне сүйенген журналист Барак Равид «жүздеген дрон» жіберілгенін жазды. Ақпаратқа сүйенсек, дрондардан кейін ракетамен шабуыл жасалған.
«Кан» радиосының хабарлауынша, Иерусалим және өзге де аумақтарда 14 сәуірге қараған түні Израиль әуе қорғаныс жүйесі ондаған қанатты зымыранды атып түсірген. Израиль аумағында әуе дабылы іске қосылды.
Израильдің жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген Ynet порталы Израиль Иран жіберген дрондар мен ракеталардың 99% атып түсіргенін хабарлады. Иран жіберген ондаған дронды Израиль шекарасына жақын маңда АҚШ бастаған аймақтық коалиция күштері жойған. Дрондарды атып түсіруге Ұлыбританияның әуе күштері де қатысты деп хабарлады Sky News. Ондаған дронды Иорданияның әскери-әуе күштері атып түсірген.