
Израильдің Ливандағы «Хезболла» ұйымына қарсы ауқымды әуе соққыларынан кейін, Тегеран Вашингтонмен жасалған келісімге қарамастан Ормуз бұғазын қайта жапты. Бұл туралы мемлекеттік БАҚ хабарлады, деп хабарлайды Euronews.
БАҚ мәліметінше, бұғаздың жабылуы Тегеран мен Вашингтон арасындағы екі апталық бітім күшіне енген күні орын алған. Аталған келісім бір айдан астам уақытқа созылған қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған еді.
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусымен (КСИР) байланысты Fars агенттігі сәрсенбі күні бұған дейін екі мұнай танкері Иранның рұқсатымен бұғаз арқылы өткенін, алайда кейіннен кеме қозғалысы толық тоқтатылғанын мәлімдеді.
Бітім шарттарының негізгі тармақтарының бірі – Иранның Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға келісім беруі болған. Бұл шешім әлемдік нарықта мұнай мен газ жеткізіліміндегі іркілістерді азайтып, бағаның тұрақтануына ықпал етуі тиіс еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бітім келісімі Ливанды қамтымайтынын мәлімдеді. Алайда келіссөздерге делдал болған Пәкістан бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің әуе соққылары салдарынан кемінде 112 адамның қаза тауып, 837 адамның жараланғанын хабарлады.
«Израиль әскери күштерінің Ливанның көптеген аудандарына, оның ішінде астанасы Бейрутқа жасаған әуе соққылары 112 адамның қаза табуына және 837 адамның жарақат алуына әкелді», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Израиль әскери күштері бұл операцияны қазіргі соғыс аясындағы ең ірі үйлестірілген соққы деп атады. Олардың мәліметінше, небәрі 10 минут ішінде Бейрутта, Ливанның оңтүстігінде және Бекаа аңғарының шығыс бөлігінде «Хезболла» ұйымының 100-ден астам нысанына соққы жасалған.
Әскерилердің айтуынша, шабуылдар зымыран ұшыру қондырғыларына, басқару орталықтарына және барлау инфрақұрылымына бағытталған. Сонымен қатар олар «Хезболланы» бейбіт тұрғындарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланды деп айыптады.
«Ливан мемлекеті мен оның халқы «Хезболланың» азаматтық аймақтарда орнығуына және қару-жарақ әлеуетін арттыруына жол бермеуі тиіс», – делінген Израиль әскерінің мәлімдемесінде.
Euronews атап өткендей, Израиль 2 наурыздан бері жалғасып жатқан соңғы қақтығыс кезеңінде Бейруттың орталық бөлігіне сирек соққы жасағанымен, елдің оңтүстік және шығыс өңірлеріне, сондай-ақ астананың оңтүстік маңына жүйелі түрде шабуыл жасап келеді.
Жаңа соққылар басталар алдында «Хезболла» өкілдерінің бірі топтың Ливанда бітім орнатуға делдалдарға мүмкіндік беріп отырғанын, алайда «израильдік тарап оны сақтамай отырғандықтан, ресми түрде бітімді қолдайтынын жарияламайтынын» мәлімдеді.



