
Басқосуда ТҮРКСОЙ мен Қырғыз Ұлттық университеті арасындағы мәдени, білім беру және академиялық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Жиналыста 2025 жылдың 23, 24 және 25 қазанында Қырғызстанда II ТҮРКСОЙ түркі әлемі жастар форумын өткізу туралы шешім қабылданды. «Болашақ сенсің!» тақырыбындағы шара түркі әлемінің жас өкілдерінің басын қосу, мәдени байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды дамытуды көздейді.
Кездесуде Сайит Юсуф былтыр Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен күллі түркі жастарының алғашқы жиынының сәтті өткеніне тоқталды. Ол биылғы іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан, сондай-ақ Венгрия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы және Молдовадан өкілдер қатысады деп жоспарланғанын хабарлады. Ол бұл бағдарламаның болашақ көшбасшы және тәлімгер болатын түрік текті жастарға өз елдерінде кездесіп, пікір алмасу және ортақ мәселелердің шешімдерін әзірлеу үшін маңызды платформа болатынын баса айтты.
Қырғыз Ұлттық университетінің бірінші проректоры Алайбек Шамшиев Сайит Юсуфқа университеттің бұл шараны ТҮРКСОЙ ұйымымен серіктестікте ұйымдастыруға дайын екендігі туралы ресми хат табыс етті. Жиынға сонымен қатар ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Мирзабек Қамчыбек ұлы, Біріккен кәсіподақтар комитетінің төрағасы Кубанычбек Жұмабеков, Академиялық ұтқырлық, білім экспорты және салалық аспирантура бөлімінің меңгерушісі Саадат Шерматова қатысты.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың да отырыс аясында II ТҮРКСОЙ түркі әлемі жастар форумына қатысуы күтілетіні және бұл шараның түркі әлемі жастары арасындағы бауырластық пен бірлікті нығайта түсетіні айтылды.