Яндекс неге Өзбекстанда 13 %, Қазақстанда 20% алым жинайды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов «Яндекстің» Қазақстандағы баға саясатына алгоритмдік аудит жүргізіп жатқандарын мәлім етті.

— Біз баға мәселесінің алгоритміне аудит жүргізіп аяқтадық. Соның қорытындысы бойынша белгілі бір шаралар қабылдаймыз. Соңғы рет Мәжіліске келгенімізде «Яндекстің» шекті бағаларын белгілеу туралы да ұсыныстар айтылғанын білесіздер. Қазір олар әр сапардың құнынан 16 пайыз көлемінде алым жинайды. Оған такси парктерінің 4 пайызын қосамыз. Сонда Астана мен Алматыда такси қызметінің 20 пайызын Яндекс алып отыр. Басқа қалаларда, әрине, сәл төмен. Біз бұл мәселеде халықаралық тәжірибені негізге аламыз. Кейбір елдерде бұл алым 30 пайызға дейін барады. Мысалы, Өзбекстанда 13 пайыз, болса, Қазақстанда 20 пайызға дейін. Қазір осы мәселені талқылап жатырмыз, — деді ол Мәжіліс депутаттарының сұрағына берген жауапта.
Оның айтуынша, «Яндекс» Алматы мен Астанада ғана монополист болып отырған жоқ.
— Бірақ бұл қалаларда нарықтың 90 пайызына жуығын бақылап отыр. Компания өз монополиясын жылдан-жылға арттырып келеді. Біз «Яндекстің» әрекетіне тұрақты мониторинг жүргізіп отырмыз. 2024 жылдың ішінде баға мәселесінің алгоритміне аудит жүргізу үшін шетелдік сарапшыларды тарттық. Өйткені «Яндекстің» бағасы алгоритмдерге негізделген – ауа райына байланысты немесе басқа да себептермен сұраныс артса, баға да автоматты түрде өсіп отырады. Компания өкілдерімен үнемі кездесіп отырамыз. Бұл нарықтың өз ерекшеліктері бар. Классикалық үлгіден өзгешелеу. Классикалық нарықта монополист пен тұтынушы ғана әрекет етеді. Ал «Яндекстің» жағдайында компания мен тұтынушылардың ортасында 300 мыңдай көлік жүргізушісі мен олардың отбасы бар. Бұл шамамен 1,5 млн адам деген сөз, — деді Болат Сәмбетов.
Айта кетейік, Мәжілісте монополияға қарсы ұжымдық шағым тетігін іске қосуға бағытталған заң жобасы таныстырылды.