Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Voice of Turan — 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінің қонақтарымен кездесті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Жиынға байқауға төрелік ететін қазылар алқасы мен өнер майталмандары және ән додасында бақ сынайтын 15 шетелдік әнші қатысты.
– Түркі әлемінің рухани орталығына айналған қасиетті Түркістан қаласында қазақ өнерінде қолтаңбасы бар өздеріңіздей тұлғаларды, әлемнің әр қиырынан келген талантты жастарды көргеніме шын қуаныштымын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Түркістан ерекше қарқынмен дамып келеді. Ежелден Түркі елдері үшін рухани орталық, тарихи астана ретінде әспеттелетін шаһардың жаңа тынысы ашылып, оң өзгерістер болып жатыр. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Мемлекет басшысының бастамасымен қаламызға ерекше мәртебе беріліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Түркістан Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып жарияланды. Бұл бастамалар өңірдің мәдени-рухани, туристік әлеуетінің артуына оң серпін беретін қадам деп білемін. Қазіргі таңда Түркістанда мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Руханиятты дамытуға арналған тың жобалар іске асуда. Өнер саласында Түркістанның өз брендін қалыптастыруды тапсырдым. Халықаралық өнер жобалары Түркістанды таныта түседі. «Voice of Turan» қазақ әндерін орындаушылар байқауы аз ғана уақытта жоғары деңгейдегі танымал жобалардың қатарына енді. Ән додасына әлемнің әр қиырынан келген әншілер арқылы халқымыздың әндері әлемдік сахналарда шырқалатыны анық. Осы байқаудың ықпалымен қазақ тілінің, руханиятының мәртебесі биіктейді деп сенемін! – деген облыс әкімі кездесу барысында мәдениетті дамыту бағытындағы ұсыныстарды тыңдап, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде композитор, Қазақстан Республикасының Мемлекетік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов Түркістанда мәдени бағытта ауқымды жобалар тұрақты түрде өтіп жатқанын атап өтті. Өнер қайраткері Нұрғиса Дәуешов пен ақын Қалқаман Сарин де өнер, мәдениет саласындағы жұмыстарды жандандыру бағытындағы ойларын ортаға салды. Өнерге қолдау көрсеткен өңір басшысына алғыстарын жеткізді.
Шетелдік әншілер Түркістан қаласының көрікті екеніне тоқталып, байқау арқылы Қазақстан туралы, мәдениеті туралы мол мағлұмат алғандарын айтты.
Түркістан облысында республикалық, халықаралық деңгейдегі симпозиумдар, өнер фестивалдарын жүйелі түрде өткізуді жоспарланған. Таяуда ғана облыс әкімінің тапсырмасымен «Конгресс холл» кешеніне 100 штат беріліп, жаңа, жас өнер мамандары жұмысқа қабылданып жатыр. Мұның барлығы өңірдің тарихи маңыздылығын арттыра отырып, мәдени өміріндегі жаңа белестерге жол ашады. Соның бірі – «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Қазақ әндерін және қазақ тілін әлемдік деңгейде насихаттауды мақсат еткен фестиваль бүгінде халықтық мерекеге айналып үлгерді.