Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми сайтында діни оңалту бөлімі «Гүленшілер» атты материал жариялады, деп жазады Turanews.kz.
Материалда «гүленшілер» делінетін діни топ туралы түсініктеме берілген:
«Саид Нұрсидің идеялары негізінде әрекет ететін гүленшілер жамағаты, негізінде, «Хизмет» қозғалысы деп аталады. «Хизмет» – түркиялық жазушы, дін және қоғам қайраткері Фетхулла Гүленнің (1941 ж.т.) идеялары мен бағыт-бағдар көрсетуінің негізінде құрылған діни-әлеуметтік қозғалыс.
Хизмет қозғалысы әлемнің 140-нен астам елдерінде өз білім беру мекемелерін орналастыруға қол жеткізген. Сондай-ақ олар медиа, емхана, қаржы салаларына да жеткілікті инвестиция жасаған. Сонымен қатар, Фетхулла Гүленнің біршама кітаптары қазақ және орыс тілдеріне аударылып, халық арасында таратылды. Отандық ғалымдардың діни тақырыпта жазған кітаптары тапшы болған кезде амалсыз Гүленнің кітаптары да оқылды.
Қозғалыс негізі «нұршылар» жамағатынан бастау алғандықтан, негізгі әрекет ету формасы мен методологиясы нұршылар жамағатына өте ұқсас. Алайда нұршылар жамағаттары оларды өздерінен бөлек өзге жамағат ретінде қарайды. Түркияда және әлемнің барлық мемлекеттерінде өз мүшелерінен шыққан ықпалды немесе дарынды тұлғаларға барынша қолдау көрсетуге тырысады. Зайырлы сипаттағы мектептер ашып, сол мектептерде өздерінің қызығушылығына қарай оқушылар бойында діни түсініктердің қалыптасуына күш салады. Мектеп бітіріп кеткен түлектерімен жүйелі түрде қарым-қатынас орнатып, іс-шаралар ұйымдастырып, түлектердің бір-бірімен мығым байланыста болуына ықпал жасайды. Әрбір аймақтағы білім беру орталықтарының артында гүленшілер идеологиясының таралуына жауапты әртүрлі қорлар немесе фирмалар тұрады. Гүленшілер топтық ұйымшылдық түсінігін қалыптастырады, яғни әр ортада өз жақтастарын іздеу, өздерінен еместерді шеттету арқылы жамағат арасында жікшілдікке жол бастайды. Дегенмен мемлекет ішінде, әлеуметтік топтарда, қоғамдық ортада өте мұқият және артық әрекетсіз, байсалды жұмыс жүргізеді және өздерін қоғам өкілдерінен бөле-жарып ұстамайды.
Гүленшілер өздерінің мақсатына толықтай жетпей тұрып, шынайы келбетін ашпайды. Мысалы, мұсылмандықты сыртқы келбетімен танытуды, нақтысы ер адамның мұртын қысқартып, сақал қойғанына, әйел кісінің орамал тартып оранып жүргеніне аса маңыз бермейді. Тіпті діни терминдерді ашық қолданбайды, мысалы, дәретті «билет», намазды «ұшу» секілді басқа сөздермен ауыстырып айтады. Бұл жамағаттың ықпалына көбінесе ұлттық-патриоттық санасы төмен және ұлттық идентификациясы қалыптаспаған адамдар түседі.
2016 жылы Түркия үкіметі гүленшілер қозғалысын FETÖ террористік ұйымы деп жариялады. Сонымен қатар Пәкістан, Солтүстік Кипр, Парсы шығанағы елдері және Ислам ұйымы бірлестігінде де гүленшілер қозғалысы «террористік ұйым» деп танылған.»