БастыТуризм

GoTürkiye – Түркия туризмін әлемге танытатын цифрлық елші

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Түркия жайлы әсерлі бейнероликтерді байқасаңыз, бұл кездейсоқтық емес. Түркия бүгінде жаһандық туризмді ілгерілетуде көшбасшыға айналып, цифрлық алаңда өз ықпалын күшейтуде.

Елдің ресми туристік порталы – GoTürkiye бүгінде сегіз ірі платформада 20,8 миллионнан астам жазылушысы бар, әлемдегі ең танымал ұлттық туризм аккаунттарының біріне айналды.

YouTube пен TikTok-тағы көшбасшылық

Түркияның табиғаты мен мәдениетінің сан алуандығын цифрлық кеңістікте айшықтап көрсеткен GoTürkiye YouTube арнасы соңғы бір жылда ерекше серпіліс жасады. Мысалы, «Antalya Gambit», «İstanbul My Love» сынды мини-сериалдар мен инфлюенсерлер қатысатын «Be Our Guest» жобалары елдің бірегей қалаларын жаңа қырынан таныстырады. 2025 жылдың алғашқы жартысында арнаның жазылушылары 146%-ға өсіп, 5,2 миллионға жетті. Бейнеқаралым саны 763 миллионға жетсе, өзара әрекет (лайк, пікір, бөлісу) 123%-ға артты.

«Antalya Gambit»

Әсіресе, Sight & Sound Sessions жобасы үлкен қызығушылық тудырды. Әлемге танымал музыканттар – Andrea Vanzo, Einmusik, Sébastien Léger және басқалары Памуккале, Тұз көлі, Артвин, Сиде секілді тарихи әрі табиғи орындарда концерт қойып, 15,5 миллион қаралым мен 1,7 миллион сағат көру уақытын жинады.

TikTok-та да GoTürkiye ерекше қарқынмен дамуда. Түрік жағалауларының дроннан түсірілген кадрлары, көне шаһарлар жайлы қысқа мәтіндер, трендтік бейнелер арқылы елдің тартымды тұстарын ықшам әрі әсерлі жеткізеді. Нәтижесінде 2025 жылдың алты айында аккаунттың жазылушылары 34%-ға артып, 4,63 миллионға жетті. Ал қаралым саны 1,4 миллиардты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 53%-ға өсті. Бұл көрсеткішпен GoTürkiye TikTok-тағы ең ықпалды ұлттық туризм парақшасына айналды.

Instagram-дағы табысты өсім

GoTürkiye-дің Instagram парақшасы да ерекше белсенді. Түрлі бағыттағы жазбалар мен рилстер елдің әсемдігін бір минутқа жетпейтін бейнелерде көрсетеді. Ұлттық тағамдар рецепті, табиғат көріністері мен мәдениетке қатысты тақырыптық сапарлар арқылы аудиторияны баурап алды. 2025 жылдың алғашқы жартысында қаралым саны 812 миллионға жетіп, 51%-ға артты. Өзара әрекет көлемі 127%-ға өсіп, 141 миллионға жетті. Жазылушылар да 3,2 миллионнан 3,7 миллионға дейін көбейді. Осы көрсеткіштермен GoTürkiye Instagram бойынша әлемдегі елдік туризм аккаунттарының ішінде екінші орынға көтерілді.

Жаһандық деңгейдегі цифрлық елші

GoTürkiye тек YouTube, TikTok немесе Instagram-мен шектелмейді. Платформа Facebook, X (Twitter), WhatsApp, Douyin (Қытай) және VKontakte (Ресей) желілерінде де белсенді дамып келеді. Түркияның Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігінің (TGA) деректерге негізделген көпқырлы стратегиясы арқасында GoTürkiye жай ғана жарнамалық жоба емес, Түркияның мәдени елшісі ретінде танылып отыр.

TuraNews

Back to top button