ӘлемБастыМәдениетСпорт

Германияда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр

Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтіп жатыр. Мақсат – шеттегі қандастардың түйткілді мәселесін анықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Құрылтайдың алғашқы күнінде жырақтағы ағайын ана тілі, ұлттық мәдениетке қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Кельндегі құрылтайға Еуропаның 15 елінен 20 қазақ ұйымының өкілі жиналды. Бірі оқу-жұмыс бабымен Қытай, Монғолия мен Қазақстаннан келгендер болса, енді бірі қарт құрлыққа 60-шы жылдары Түркиядан қоныс аударғандар. 70 жыл бұрын Алтайдан Анадолыға азаппен жеткен қазақтардың ұрпақтары. Ұлы көштің 70 жылдығына орай Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабының тұсауы құрылтайда кесілді.

Абддурахман Четин-Зуқа батырдың немересі, ұлы көштің куәгері. 1982 жылы Германияда қазақ қоғамын құрып, 2002 жылы Кельнде алғашқы құрылтайды өткізген ақсақал жас ұрпақтың тәрбиесіне алаңдайды.

«Бұрын біз ойлайтынбыз балаларымыз оқып, білім алса, өзінің қазақ екенін таныса, дінін, тілін білсе деп. Қазір бұны айтуға ауыз бармайды. Неге десеңіз бәрі немісше, түрікше оқыды. Қазақ тілі жоқтың қасында. Осы жерде Қазақстан мәдени орталығы ашылса. Сонда қазақ балалары өнер, тілін, дінін үйренсе.» деді Абдуррахман Четин, Кельндегі Қазақ мәдени орталығының құрметті төрағасы

Балаларлың санасына ана тілін мықтап сіңдіру үшін қазақша отандық өнімдерді бір платформада көру мүмкін болса және ол туындылар ғаламторда бірнеше тілде субтитрмен жарияланса, дейді шеттегі қандастар. Жастар жатжұрттық боп кетпес үшін оларды елге тарту бағдарламаларын көбейту жайы да қызу талқыланды. Жақында «Ата жұрт» пилоттық жобасы енгізілмек. Яғни, шетелде ұлттың мүддесі үшін аянбай қызмет етіп жүрген қазақ қоғамының жетекшілеріне және айти, бизнес, мәдениет, ғылым саласында озық деген қандастарымызға арнайы карта беріледі.

«Бұл карта он жылға берледі. Бұл картаның ерекшелігі — визасыз келіп кетуіне, Қазақстаннан бизнес ашуына, жылжымайтын мүлік алуға, өзін балаларын барған кезде мектепке орналастыруға, денсаулық сақтау қызметін пайдалануға, яғни саяси құқықтан басқа кәдімгі Қазақстан азаматтары сияқты барлық мүмкіндіктерге ие болуға мүмкіндік ашады.» — деді Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті

Еуропадағы қазақтар мен Қазақстаннан келген спортшылар, барлығы 11 команда арасында өткен футболдан жарыс мерекенің көрігін қыздырды. Балалар да асық ату, тоғызқұмалақ ойнаудан өзара бәсекеге түсті. Жас ұрпаққа ұлттық құндылықты дәріптеу үшін елден келген қолөнер шеберлері құрақ құрау, тақия, қамзол тігуден шеберлік сабақтарын өткізді. Ұлттық өнерге сусаған қандастарымыз ертең қазақстандық өнерпаздардың концертін тамашалайды.

Source
Qaqazstan TV

TuraNews

Back to top button