Газадағы соғыс қайта басталуы мүмкін: Нетаньяху мен Трамптың ультиматумы
Израиль егер ХАМАС кепілдегі адамдарды қайтармаса, Газада атыс қайта басталады деді.
![](https://turanews.kz/wp-content/uploads/2024/04/gazze-780x470.jpeg)
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер ХАМАС сенбі күні түске дейін кепілге алынғандарды қайтармаса, Израиль армиясы Газа секторындағы әскери операцияларын қайта бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
— Егер ХАМАС сенбі күні түске кейін кепілге алынған біздің адамдарымызды қайтармаса, келісім аяқталады және ЦАХАЛ ХАМАС талқандалғанша қарқынды әскери әрекеттерді қайта жандандырады, — деді Нетаньяху әскери кабинет мүшелерімен кездесуден кейінгі мәлімдемесінде.
Бұдан басқа, АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-тан сенбі күні түске дейін барлық кепілге алынғандарды босатуды талап етіп, әйтпесе «нағыз тозақ басталатынын» айтты.
— ХАМАС менің не айтып тұрғанымды түсінеді, — деді ол.
Бір күн бұрын содырлар Израиль атысты тоқтату келісімінің шарттарын орындамай отыр деп мәлімдеп, тұтқында болған израильдіктерді босатудың және оларды палестиналық тұтқындарға айырбастаудың келесі кезеңін тоқтатамыз деп қорқытты.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац ХАМАС мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Еске сала кетсек, өткен сенбіде соғысты тоқтату келісімі аясында ХАМАС Қызыл Крест ұйымына кепілге алынған үш адамды тапсырды.
Осылайша, ХАМАС барлығы 16 израильдікті босатты, 17 адам содырлардың қолында қалып отыр. Израильдік деректерге сәйкес, осы 17 адамның сегізі қайтыс болды, яғни Израиль тағы тоғыз адамның босатылуын күтіп жатыр.
ХАМАС осы сенбіде тағы үш израильдікті босатуы тиіс еді. Оның орнына Израиль бірқатар палестиналық тұтқынды босатпақ болды.