Газадағы құрбандар саны 44 мыңға жуықтады
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторындағы шабуылынан қаза тапқандар саны 43 712-ге жетті.
Бұл туралы Газа секторындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде айтылған, деп жазады Анадолу агентігі.
Израиль шабуылы 404 күн бойы жалғасып жатыр. Тек соңғы 24 сағатта Израиль армиясының Газа секторының әртүрлі аймақтарында жасаған «жеті қырғын» нәтижесінде 47 адам қаза тапты. Сонымен қатар, Палестина эксклавының 182 тұрғыны жарақат алды, делінген хабарламада.
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторында жасаған геноцидінің салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 43 712-ге, жараланғандар саны 103 258-ге жетті, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Қаза тапқандардың мәйіттері әлі қираған ғимараттардың астында және жол жиектерінде жатыр. Жедел жәрдем бригадалары мен азаматтық қорғаныс күштерінің өкілдері Израиль күштері тудырған кедергілерге байланысты оларға жете алмайды, деп қосты ведомство.