БастыТуризм

Ғалымжан Қойшыбаев: Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға $400 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды

Ғалымжан Қойшыбаев «Dushanbe Invest 2023» форумында Қазақстандағы инвестициялық климат туралы айтып берді

Душанбеде өтіп жатқан «Dushanbe Invest 2023» халықаралық инвестициялық форумына 40 елден 650-ден астам қонақ жиналды. Осы іс-шараға Қазақстан атынан Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Әзербайжан Премьер-Министрі Әли Асадов, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Марат Хуснуллин, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Джамшид Кучкаров, сондай-ақ басқа елдердің министрлері мен ірі компаниялар басшылары қатысты.

Қонақтарға арнаған бейне үндеуінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон елдегі инвестициялық ахуал мен жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар туралы айтып берді. Сондай-ақ шара барысында Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода мен Душанбе қаласының төрағасы Рустам Эмомали сөз сөйледі.

Ғалымжан Қойшыбаев өз сөзінде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл екіжақты қатынастарды стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерген екі мемлекет Президенттерінің арқасында мүмкін болып отыр.

«Биыл Тәжікстан Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, оның қорытындысы бойынша екі ел арасындағы Одақтастық өзара іс-қимыл туралы тарихи декларацияға қол қойылды, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында екіжақты бірқатар ірі іс-шаралар өткізілді. Екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі өзегі сауда-экономикалық ынтымақтастық екені сөзсіз. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 20%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті. Екі ел президенттерінің тапсырмасы бойынша өзара сауда көлемін $2 млрд-қа дейін ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатыр», — деді Ғ. Қойшыбаев.

Ол Тәжікстанның Худжанд қаласындағы «Азияполитекс» полипропиленмен қаптама өнімдерін өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорынның және Қазақстанның Ақтөбе облысында «АКМЭЗ» май зауытының ашылуын өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылдың жарқын мысалы ретінде келтірді.

Сонымен қатар Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту және инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіру жөніндегі жұмыстар туралы ақпарат берді.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға $400 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Өткен жылы олардың ағыны 18%-ға өсіп, $28 млрд-қа жетті. Бұл – елдің инвестициялық климатын жақсарту және инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіру жөніндегі үлкен жұмыстың нәтижесі. Мәселен, бүгінде біздің елімізде кедендік баждардан босату, түрлі салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ заттай гранттар қарастырылған. 82 елден келетін инвесторлар үшін визасыз режим қолданылады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Сондай-ақ посткеңестік елдерде баламасы жоқ «Астана» халықаралық қаржы орталығында бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар ұсынылған.

Жалпы форум аясында 9 панельдік сессия өтті, онда Тәжікстанның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм салаларындағы, сондай-ақ «жасыл экономиканы» дамыту және салаларды цифрландыру бойынша басқа да инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев Қазақстан мен Тәжікстан астаналары арасындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы айтып берді. «Kazah Invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ибраимов Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, Үкімет ұсынатын преференциялар туралы хабардар етті, сондай-ақ бизнесті инвестициялық ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуге шақырды.

Оған қоса қазақстандық делегация өкілдері кореялық, араб және басқа да ірі корпорациялармен (SK super Concil, SK networks, Masdar және т. б.) кездесулер өткізді.

TuraNews

Back to top button