Спорт

Футзалдан әлем чемпионатында бүгін плей-офф сатысындағы ойындар басталады

Бүгін, 24 қыркүйекте Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионаты плей-офф сатысындағы ойындар басталады.

Жарыстың аталған сатысының алғашқы ойын күнінде Бразилия мен Коста-Рика, Нидерланд пен Украина құрамалары шеберлік байқасады, деп жазады Kazinform агенттігі.

Ал 25 қыркүйекте Испания мен Венесуэла, Парагвай мен Ауғанстан, 26 қыркүйекте Португалия мен Қазақстан, Иран мен Марокко кездеседі.

Сондай-ақ 27 қыркүйекте плей-офф сатысында Таиланд пен Франция, Аргентина мен Хорватия кездеседі.

Ел құрамасы D тобында Испаниямен 1:1 есебімен тең ойнаса, одан кейін Ливияны 4:1, Жаңа Зеландияны 10:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде өз тобында Испанияны алға жіберіп, екінші орын алды.

Қазақстан мен Португалия құрамалары бұған дейін екі мәрте кездесіп, барлығында португалдықтар жеңіске жетті.

Алдымен 2000 жылы әлем чемпионаты бірінші кезеңінде аталған қарсыласқа 2:6 есебімен есе жіберді. Ал 2021 жылы жартылай финалда ел құрамасы олармен негізгі және қосымша кезеңде 2:2 есебімен тең түсіп, пенальтиден 4:5 есебімен жеңіліп қалған еді.

 

TuraNews

Back to top button