Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлттар лигасы аясында өткен матчта жеңіске жетті, деп жазады Turanews.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Биылғы маусымнан бастап әйелдер арасында да Ұлттар Лигасы өтуде. Оған 51 команда қатысып, үш дивизионға бөлінді. С лигасының С4 тобындағы екінші турдың кездесуінде Мадияр Кембілов шәкірттері сырт алаңда Армения құрамасын ұтты.
Армавирде өткен кездесу 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Қазақстан құрамасы сапынан Әселхан Тұрлыбекова (27 минут) мен Арайлым Орынбасарова (57 минут) гол соқты. Армениялықтардан кездесудің 54-минутында Вероника Асатрян көзге түсті.
Осылайша алғашқы екі турда Қазақстан құрамасы 4 ұпай жинап, соңғы бес жылдағы ресми кездесулердегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Соңғы рет Қазақстан әйелдер құрамасы 2018 жылдың 12 маусымында жеңіске жеткен. Ол уақытта 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Босния және Герцеговинаны 2:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Ұлттар лигасы басталар алдында футболшыларымыз ресми кездесулерде қатарынан 20 жеңіліске ұшырады.