ӘлемДенсаулық

Франция электронды темекіге тыйым салады

Франция жақын арада бір реттік электронды темекіге тыйым салады, деп хабарлайды  Le Monde басылымы.

Франция премьер-министрі Элизабет Борн RTL радиосынан сөз сөйлеп, елде бір реттік вейпке тыйым салу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Оның пікірінше, электронды темекі жастарды зиян әдетке үйір етеді.

Борн елдегі шылым шегумен күрес жөніндегі ұлттық жоспар аясында енгізілетін бұл шектеу қашан күшіне енетінін нақтылаған жоқ.

Ол Франция үкіметі жақында темекімен күресуге арналған жаңа жоспар ұсынатынын мәлімдеді.

Борнның айтуынша, елде шылым шегу салдарынан жылына 75 000 адам қайтыс болады.

Бұл жоспарда жастарды жаман әдетке бейім қылатын бір реттік вейптерге тыйым салынбақ.

«Бұл – рефлекс пен әрекет, жастар соған тез бейімделіп кетеді. Шылым шегу осыдан басталады», — деп толықтырды ол.

Бір рет пайдаланғаннан кейін қоқысқа кететін электронды темекінің көбінде қызғылт лимонад, мармелад немесе қарбыз сынды жастар жақсы көретін тәтті және жеміс-жидек дәмі болады.

Вейптің Франциядағы бағасы әдетте 8 еуро (8,7 АҚШ доллары) мен 12 еуро (13 АҚШ доллары) шамасында.

Қазір Францияда 18 жасқа толмаған балаларға электронды темекі сатуға тыйым салатын заң бар, бірақ ол сақтала бермейді.

Бұл елде темекіні насихаттау, тіпті жарнама жасауға да шектеу қойылған.

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button