БастыСпорт

Еуропаның үздік аматорлық гольфшылары Антальяда жиналды

Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы інжу-маржаны — Анталья спорттық туризмнің жаһандық орталығына айналып келеді. Әлемге әйгілі жағажайларымен қатар, бұл өлке бүгінде гольф әуесқойлары үшін таптырмас мекен.

2025 жылы Белекте алғаш рет жалауы желбіреген “144 – Question of Honor” (Абырой мәселесі) турнирі биыл ауқымын кеңейтті: жарысқа 9 елден 60 команда мен 500-ден астам шебер қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

2026 жылғы дода 4–8 ақпан аралығында GoTürkiye қолдауымен ұйымдастырылды. Турнир аймақтың ең беделді гольф кешендерінде — Carya, Olympos, Aspendos, Faldo және National Golf Course алаңдарында өтіп, спорттық деңгейдің жоғары екенін дәлелдеді.

Regnum Carya, Белек/Түркия

Алғаш рет 2016 жылы Германияның Бад-Гризбах қаласында негізі қаланған “144 – Question of Honor” бүгінде Еуропадағы ең ірі әуесқой турнирлердің бірі саналады. Жыл сайын төрт мемлекеттің басын қосатын аталмыш дода 20-дан астам елдің ойыншыларын біріктіреді. Командалық «матч-плей» форматында өтетін бұл бәсеке тек ұпай үшін емес, адалдық, өзара сыйластық пен ұжымдық бірлік сияқты гольф этикасын дәріптеуді көздейді.

Сарапшылар арасында аталған дода «Әуесқойлар арасындағы Райдер Кубогы» деген бейресми атқа ие болған. Үш күнге созылатын тартыста әр команданың намысын сегіз ойыншы мен капитан қорғайды. Жекелей кездесулер мен жұптық (төрттік) бәсекелердің нәтижесі ортақ есепке жазылады. Мұндай жүйе турнирге ерекше драйв пен стратегиялық сипат береді.

Montgomerie Golf Course — Maxx Royal, Белек/Түркия

Антальяның Белек аймағы — жұмсақ климаты мен таңғажайып табиғатының арқасында гольф ойнауға ең қолайлы өңір. Мұнда бес жұлдызды қонақүйлер мен әлемдік деңгейдегі чемпионат алаңдары бір арнаға тоғысқан. Жылына 300 күн шуақ шашатын бұл өлкеде спорттық маусым он айға дейін созылады.

Белектегі алаңдардың әртүрлілігі талғампаз ойыншыларды таңғалдырмай қоймайды: классикалық «heathland» үлгісінен бастап, әлемдік аңыздар жобалаған күрделі кешендерге дейін бар. Аталған аймақ бұған дейін де Turkish Airlines World Golf Cup және Turkish Airlines Open сияқты халықаралық ірі іс-шараларды абыроймен қабылдаған.

Белек/Түркия, ©Adobestock

Логистикалық қолайлылық — Белектің басты артықшылығы. Әуежайға жақын орналасуы және кейбір алаңдардың түнгі жарықтандыру жүйесімен жабдықталуы гольф сүйер қауымға тәулік бойы ерекше әсер сыйлайды. Дәл осы мүмкіндіктер Белекті әлемдегі топ-бағыттардың қатарына қосып отыр.

TuraNews

Back to top button