Еуропаның бірыңғай ақшасы цифрлық валютаға айналады
Брюссель электронды еуроны айналымға енгізуді ұсынды. Цифрлық бірыңғай валютаға Еуропа орталық банкі рұқсат беруі керек, деп Euronews агенттігіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Күнделікті қаржы операцияларына цифрлық құралдарды пайдаланатын адамдар күннен күнге артып келеді.
Осыған орай Брюссель кеше электронды еуроны айналымға енгізуді ұсынды.
Еурокомиссияның вице төрағасы Валдис Домбровскис цифрлық бірыңғай еуропа валютасы қазіргі қағаз, металл және карта түріндегі төлем тәсілдеріне балама шешім ретінде бүкіл еуроаймақ тұтынушыларына ұсынылатынын айтты:
«Адамдар цифрлық еуромен «қоғамдық» қаржы секілді төлей береді. Ерекшелігі сол – онлайн да, офлайн да төлем жасауға болады. Телефоныңызда толықтырып отыруға болатын еуроәмиянның болуы – қалтаңызда тиын мен банкноттың болғанымен бірдей. Төлеу де жеңіл болмақ. Сізге тіпті интернетке қосылудың да қажеті жоқ».
Электронды еуроны енгізу туралы ұсынысқа қаржы істері мен жинақтарына банктің араласуынан қорқатын адамдар наразы болды.
Бірақ Брюссель болашақ жүйенің барлық элементтері толықтай қауіпсіз болады деп сендіріп отыр.
Бұл заңды Еуропарламент қабылдап, ЕО-ға мүше елдер мақұлдауы керек.
Еуропа орталық банкі қазанда цифрлық валютаға рұқсат беріп, ол 2027 жылы іске қосылады деген болжам бар.