Спорт

EURO 2024: Грузия өз тарихында алғаш рет Португалияны жеңді

Топтық кезеңдегі соңғы екі ойын F тобындағы құрамалар арасында өтті.

Алғашқы екі ойында бір де бір ұпайдан шашау шығармаған Португалия футболшылары үшінші турда Грузиямен кездесті.

Биыл тұңғыш рет құрлықтық доданың финалдық сатысына шыққан грузиялық құрама жарысты жалғастыру мүмкіндігін үзе қойған жоқ еді.

Сондықтан азулы қарсыласымен кездесуде тек қана жеңіс оларды плей-офф сатысына алып шығатын.

Алғашқы минуттан Португалия қақпасына лап қойған олар жылдам гол соғып кетті. Олардың қатарынан Хвича Кварацхелия 2-минутта қақпаны дәл көздеді.

Ал 57-минутта Жорж Микаутадзе қарсылас қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Осылайша Грузия қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, плей-офф сатысына жолдама алды.

Олар Португалияны өз тарихында алғаш рет жеңді.

Тағы бір кездесуде Чехия мен Түркия шеберлік байқасты. Ойынның 20-минутында чехиялық Антонин Барак қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып кетті.

Түркиялық Хакан Чалханоглу 51-минутта Чехия қақпасынан саңылау тауып, өз құрамасын алға шығарды.

Чехиялық футболшылар да қарап қалған жоқ. Ойынның 66-минутында олардың қатарынан Томаш Соучек таразы басын теңестіріп кетті.

Түркиялық Дженк Тосун 94-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Кездесуде Түркия Чехияны 2:1 есебімен жеңіп кетті.

Құрлықтық доданың плей-офф сатысында Испания мен Грузия, Германия мен Дания, Португалия мен Словения, Франция мен Бельгия, Румыния мен Нидерланд, Австрия мен Түркия, Англия мен Словакия, Швейцария мен Италия шеберлік байқасады.

Жарыстың аталған сатысындағы ойындар 29 маусым мен 2 шілде аралығында өткізіледі.

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button