Есірткімен күрес: Ұлытауда Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг

Бүгін Ұлытау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңірдегі есірткі қылмыстарына қарсы күрес және олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға арналған брифинг өтті.
Іс-шараға спикерлер ретінде Ұлытау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайырбеков және Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Алмаз Хамитов қатысты.
Брифинг барысында спикерлер өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмыстарына қарсы күрес басым бағыттардың бірі ретінде айқындалып, жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша облыс аумағында барлығы 24 есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде 5 дерек – есірткі құралдарын өткізу, 2 дерек – құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру, 2 дерек – есірткіні насихаттау және 16 дерек – есірткі құралдарын сақтау фактілері.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан 304 килограмнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар синтетикалық есірткі жеткізумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта өзге де қатысушыларды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, еліміздің оңтүстік өңірлерінен ұйымдастырылған ірі есірткі тасымалдау арнасы жойылды. Қарағанды–Жезқазған автожолында 5 адам ұсталып, 300 килограмнан астам есірткі заттары тәркіленді.
Профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Есептік кезеңде облыс аумағында 300-ден астам антинаркотикалық іс-шара ұйымдастырылып, 13 мыңнан астам адам қамтылды. Іс-шаралар білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда және спорт нысандарында өтіп, жастар арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Сонымен қатар «Таңдау өзіңнің қолыңда» және «Есірткісіз болашақ» тақырыптарында форумдар мен кездесулер ұйымдастырылды.
Интернет кеңістігінде заңсыз есірткі жарнамасына қарсы жұмыстар нәтижесінде 825-тен астам интернет-ресурс бұғатталып, 219 банк шоты жабылды және 406 мың теңгеден астам қаржыға тыйым салынды. Волонтерлердің қатысуымен есірткі насихаттайтын граффити жазбаларды анықтау және жою бойынша рейдтер өткізіліп, ондаған заңсыз жазбалар жойылды.
Брифинг қорытындысында спикерлер есірткі мәселесінің қоғам үшін аса қауіпті екенін атап өтіп, азаматтарды құқық қорғау органдарымен бірлесіп әрекет етуге шақырды.



