Еркебұлан Сәпиев Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесу өткізді
Түркия Сыртқы істер министрлігінде екіжақты және көпжақты дипломатия мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Айше Берис Екинчимен кездесу өткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Кездесу барысында екіжақты және көпжақты дипломатия аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Тараптар үстіміздегі жылғы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші және Стратегиялық жоспарлау жөніндегі Қазақстан-Түркия бірлескен тобының 8-ші кездесулерінің мәнді дайындалуы мен оны өткізудің маңыздылығын талқылады.
Елші Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға жан-жақты тоқталып, сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің зор әлеуетін атап өтті. ҚР үшін қазіргі заманғы технологияларды тарта отырып, Қазақстанның өндірістік қуаттарын дамытуға түрік бизнесінің белсенді қатысуының маңыздылығына назар аударды.
А.Екинчи өз кезегінде энергетика саласындағы тығыз ынтымақтастық, көмірсутектерді халықаралық нарықтарға, оның ішінде Әзербайжан арқылы жеткізу үшін көлік-транзит бағыттарын әртараптандыру қажеттігін хабарлады. Баку-Карс-Тбилиси бағыты бойынша жүк ағынын арттырудың өзектілігін атап өтіп, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар негізгі бағыттар бойынша сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.