Ердоған мен аш-Шараа Сирияны қалпына келтіру мәселелерін талқылады
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараа Анкарада кездесу өткізді.
Сирияның уақытша басшысы Ахмед аш-Шараа мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сирия экономикасы мен қарулы күштерін қалпына келтіру, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Кездесуден кейін өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Ердоған «Түркияның Сирияға қатысты саясатының негізі әрқашан оның аумақтық тұтастығы мен бірлігін сақтау болғанын» мәлімдеді.
Түркия басшысы Сирияның қираған қалаларын қалпына келтіруге көмектесуге уәде беріп, экономикалық даму қарқын алған сайын босқындардың өз еркімен оралу көрсеткіші де арта түсетінін атап өтті.
— Араб және ислам әлемінің бұл процесте жаңа әкімшілік пен Сирия халқына қажетті материалдық және моральдық қолдау көрсетуі маңызды, — деді Ердоған.
Аш-Шараа Түркияға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, Ердоғанды алдағы уақытта Сирияға сапармен келуге шақырды.
13 жылға созылған азаматтық соғыс кезінде Башар Асадқа қарсы топтарды белсенді түрде қолдаған Анкара Сирияның жаңа әкімшілігінің негізгі одақтастастарының бірі саналады.
Бұл Сирияның жаңа басшысының шетелге екінші сапары. Екі күн бұрын ол Эр-Риядқа барып, онда Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманмен кездесті.