
Әзербайжанның Қабала қаласында өткен Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) Басшылары кеңесінің ХІІ саммитінде сөз сөйлеген Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған ортақ түркі әліпбиін енгізу жолындағы алғашқы нақты қадамдарды жариялады. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
Түркия басшысы ортақ жазудың түркі халықтары арасындағы рухани байланысты нығайтудағы маңызды элемент болатынын атап өтті.
«Ортақ әліпби мәселесінде Түркия алғашқы қадамды жасауда. Біз Шыңғыс Айтматов пен «Оғызнама» шығармаларын бірыңғай әліпбимен басып шығардық. Бүгінде бұл кітаптар мәдени бірліктің символы ретінде ел басшыларына табыс етілді», — деді Ердоған.
Режеп Тайып Ердоған өз сөзінде келесі жылдың қаңтар айында Анкарада Түркі медиа қоғамдастығының форумын өткізу жоспары бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Түркия Президенті Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясында 15 желтоқсанды «Түркі тілдер отбасы күні» деп жариялауды ұсынатынын жеткізді.