БастыҚоғам

Елордадағы су тапшылығы: Қала әкімдігі саяжай иелеріне үндеу жасады

«Астана Су Арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қалада су тапшылығы бар екенін еске салып, оның себебін саяжай иелерін бау-бақшаны түнде суармауымен байланыстырды, деп хабарлайды Turanews.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Қала халқының саны артып, құрылыстың көбеюіне байланысты «Астана Су Арнасы» кәсіпорны ауыз су өндірісінде қиындықтар сезініп жатыр. Соның салдарынан 2023 жылдың 28 наурызында су қысымын реттеу бағытында шаралар қабылдап, су берудің кестесін белгілеуге мәжбүр болды.

Оның үстіне жасыл желек пен бау-бақша суаратын судың үлесі кең. Осыған байланысты өткен демалыс күндері көпшілігіңіз су беруде шектеу болғанын сезіндіңіз.

Қазіргі таңда бүкіл саяжай иелерін белгіленген уақытты қатаң ұстануды, суару жұмыстарын сағат 23.00-ден бастап 6.00-ге дейін жүргізуді сұраймыз», — делінген таратылған хабарламада.

Ал бұл уақытта суару қолайсыз деп есептейтін тұрғындарға техникалық суды сатып алу ұсынылып отыр. Оны сатып алуға болатын мекенжайлар да көрсетілген:

1. КОС, Қорғалжың тасжолы көшесі, 47

2. Көктал көшесі, 1. «Тұлпар» ат клубының ауданы

3. Алаш тасжолы, Автоматика КНС-28

4. Жансүгірұлы көшесі, 7

5. Ғ.Мұстафин және Қобыланды батыр көшелерінің қиылысы.

Сондай-ақ мекеме өкілдері тұрғын үй кешендерінде су қысымы азайғаны байқалса, үйге қызмет көрсететін компанияларға жүгініп, су соратын сорғылардың әмбебап қысым деңгейін ретке келтіруді сұрау керектігін айтып отыр.

«Қалыптасқан жағдайда үйдегі тұрмыстық жұмыстарды аптаның жұмыс күндеріне жоспарлау ұсынылады. Бұл әсіресе демалыс күндері қарбалас сағаттарда су құбыры жүйесіне түсетін салмақты жеңілдетеді.

Уақытша қабылданып жатқан шаралар жаңа сорғы-сүзу стансасы іске қосылғанға дейін жалғасатынын айта кетейік. Станса құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Оның қуаты тәулігіне 105 мың текше метр суды сүзуге жетеді. Бұл бүкіл қалаға берілетін судың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл нысанның құрылысын алдағы жылдары аяқтау жоспарланған.

Су берумен байланысты туындаған уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз және қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз», — делінген ресми мәліметте.

TuraNews

Back to top button