Астанада Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль басталды. Оған еліміздің барлық аймағынан 1 мыңнан аса спортшы қатысады. Дәстүрлі іс-шара көкпар, бәйге, теңге ілу секілді ұлттық спорттың 11 түрінен өтеді, деп жазады Turanews.kz Хабар телеарнасына сілтеме жасап.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі 5 қыркүйекте өтеді. Ал жарыстарды көпшілік 10 қыркүйекке дейін «Қазанат» атшабары, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы және жеңіл атлетика кешенінде тамашалай алады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық. Алайда осындай маңызды додаға селқостық танытқан аймақтар бар.
Бақдаулет Сәбитов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры:
— Жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарынан 4 қана спорт түрінен келген. Бағана айтып кеткен 11 спорт түрінің төртеуінен ғана қатысып отыр. Ал тәуелсіздіктен бері іргесі қаланған Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан 6 спорт түрінен ғана келіп отыр. Енді ол қазіргі немен қарағанда төмен нәтиже деп білеміз. Облыстың басшыларына алтын сырға.