Түркия Республикасының негізін қалаушы, әрі көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрікті дүниеден өткеніне 86 жыл толуына орай Астанада еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Елордадағы Ататүрік саябағындағы Ататүрік мүсінінің алдында ресми рәсім өтті.
Астанадағы Ататүрік саябағында өткен салтанатты шараға мемлекет қайраткерлері, елдегі дипломатиялық миссия қызметкерлері және түрік мекемелері мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Түркияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған салтанатты шарада Ататүрік дүниеден өткен сәт сағат 09.05-те бір минут үнсіздік жарияланып, екі елдің әнұраны шырқалды. Рәсімде сөз сөйлеген Түркия Елшісі Мұстафа Капучу 57 жыл өмір сүріп, 11 соғысқа қатысқан Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің Түркия Республикасының негізін қалаушы, тұңғыш президент, реформатор, әскери қолбасшысы екеніне тоқталды.
«Ғази Мұстафа Кемал Ататүрік өзінің әскери данышпандығымен қатар, нағыз басшы ретінде мемлекет қайраткері мен білікті дипломатқа тән барлық қасиеттерді бойына сіңірді», — деді ол.
Капучу Ататүріктің түркі әлеміне қатысты көреген саясаты бүгінде түркі елдері бірлікке қадам басып жатқан кезде де өзекті болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Ататүріктің мәдени байланыстардың маңыздылығы туралы айтқан сөздерін еске алып, Ататүрік реформаларының, оның ішінде жаңа әліпбиді енгізудің түркі халықтарының мәдени бірлігіне қалай ықпал еткенін атап өтті.
Салтанатты шарада Ататүріктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.