Мәдениет
Trending

Елордада «SHAFT. Жасырын жіптердің археологиялық қазбалары» халықаралық көрмесі ашылды

2026 жылдың 14 қаңтарында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде суретші Дария Нұртазаның (Kokonja) «SHAFT. Жасырын жіптердің археологиялық қазбалары» атты ерекше көрмесі көрерменге жол тартты. Аталмыш жоба тоқыма өнері мен оның сан ғасырлық тарихына терең бойлауға жетелеп, көрерменді материалдық әрі рухани қабаттарды қайта пайымдауға шақырады.

Дария Нұртаза, Kazpravda.kz

Көрменің ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Сайран Дүйсенов пен Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу қатысып, жобаға қатысты құттықтау лебіздерін білдірді.

Экспозицияның концепциялық негізіне археологияда мәдени қабаттарды зерттеуді білдіретін «shaft» (шурф) ұғымы арқау болған. Мадина Серғазина мен Бауыржан Сағиев кураторлық еткен бастамада «шурф» термині тек ғылыми құрал емес, өткен күннің көмескі белгілерін интуитивті түрде «жарыққа шығаруға» бағытталған көркемдік метафора ретінде қарастырылды.

«SHAFT. Жасырын жіптердің археологиялық қазбалары» жобасы Түркия Республикасының Астанадағы Елшісі Мустафа Капуджу мырзаның жұбайы Аху Капуджу ханымның бастамасымен және Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасының Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

nmrk.kz

Жобаға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, «Оңтүстік-Шығыс Анадолы» өңірлік даму жобасының басқармасы, Шанлыурфа және Газиантеп қалаларының мэриялары, Сиирт және Килис провинцияларының губернаторлықтары, Кулп ауданының әкімдігі, Шанлыурфа провинциясының мәдениет, білім, өнер және зерттеу қоры, «Go Türkiye» — Түркияның ресми туристік гиді, «Turkish Airlines» әуе компаниясы және «Coca-Cola» (CCI) Қазақстан  компаниясы қолдау көрсетуде.

Көрме алдағы екі ай бойы Ұлттық музейдің 4-қабатында келушілерді қабылдайтын болады.

nmrk.kz
nmrk.kz

TuraNews

Back to top button