Елордада полицейлер тұрғынның көлігінен ірі көлемде гашиш тәркіледі
Астанада полиция есірткі заттарын сақтап, таратты деген күдікпен ер адамды ұстады. Күдіктінің Kia көлігін жедел іздестіру іс-шаралары барысында тоқтатқан.
Көліктің жүксалғышын тексеру кезінде полиция қызметкерлері жасыл түсті, өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар 30 ораманы анықтады. Сондай-ақ электронды таразылар, зип-пакеттер және есірткіні өлшеп, буып-түюге арналған өзге де құралдар тәркіленді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті тыйым салынған заттарды автокөліктің жүксалғышына сақтап, әртүрлі көлемде сатқан.
Жүксалғыштан жалпы салмағы 2 келіден астам гашиш тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция есірткі заттарын сақтау, сату және тарату ауыр қылмыс болып саналатынын және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Сондай-ақ азаматтарды қырағылық танытып, есірткінің заңсыз айналымы фактілері туралы дереу полицияға хабарлауға шақырады.



