Қоғам

Елордада Халықаралық биология олипиадасы ұйымдастырылады

Бүгінгі таңда әлемде Халықаралық деңгейдегі ерекше танымал және беделді 7 олимпиада бар, олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика және биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Соның бірі - Халықаралық биология олимпиадасы (IBO). Биылғы жылдың тағы бір айтулы оқиғасы - ҚР Үкіметінің қолдауымен 7-14 шілде аралығында ең беделді 35-ші Халықаралық биологиялық олимпиаданың Астана қаласында өтуі. Олимпиада аясында елордамыз әлемнің 80 елінен 350-ге жуық талантты оқушыларды қарсы алады. Бұл туралы ҚР ОАМ Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады.

«Қазақстанның мұндай беделді олимпиаданы өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Бұған қазақстандық оқушылардың халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетуінің арқасында еліміздің зор беделге ие болуы себеп болды. Олимпиаданы ұйымдастыруға және өткізуге дайындық өткен жылдан бері басталды. Олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуде Ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, ішкі істер және т.б. салалық министрліктермен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Осы орайда бірлескен бұйрық дайындалды», – деді ОАМ өкілі.

Жалпы, Қазақстан құрама командасы IBO-ға 1996 жылдан бастап қатысып келеді. Олимпиадаға қатысқан жылдары еліміздің құрама командасы 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль жеңіп алды. Бұл өте жақсы көрсеткіш болып саналады. Олимпиада тапсырмаларын әзірлеу үшін қазақстандық жас биологтар мен ғалымдар қатарынан IBO-2024 халықаралық ғылыми комитеті құрылды. Қазіргі уақытта ғылыми комитет практикалық кезеңге арналған барлық тапсырмаларды әзірлеп болды.

«Сонымен қатар, олимпиада барысында қазақстандық педагогтер үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен шеберлік сыныптары, биологиядан олимпиадалық есептерді шешу бойынша оқыту семинарлары және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі. Бүгінгі таңда биология бойынша Қазақстанның олимпиадалық құрамасы үшін оқу-жаттығу жиындары тұрақты ұйымдастырылуда, сонымен қатар біздің құрама команда халықаралық оқу-жаттығу жиындарына да қатысуда», – деді спикер.

Жалпы 2023 жылы қазақстандық оқушылар 26 халықаралық олимпиадаға қатысып, 580 медаль жеңіп алды. 7 ең беделді халықаралық олимпиадаларға қатысқан 31 оқушының 23-і жеңімпаздар қатарынан көрінді. Оның ішінде екі оқушы алтын, 11 оқушы күміс, 10 оқушы қола медаль иеленді.

TuraNews

Back to top button