Елорда тұрғыны 6 жасар ерекше баласына балабақшада екінші рет қатыгездік жасалғаны үшін полицияға арыз түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Алғаш рет әйел биыл қаңтарда «Балам-ай» балабақшасында ұлын ұрғанын анықтаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шарасы жалғасуда. Осы оқиғадан кейін елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы астаналық анаға қала әкімдігіне қарасты «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына ауыстыруды ұсынған.
«Біз ауысуға келістік. Орталықтан орын да қаңтарда бөлді, бірақ біз 1 сәуірде бардық. 2,5 ай үйде отырдық, психологиялық тұрғыдан баламды басқа орталыққа беруге дайын болмадым. Болған жағдай қиынға соқты. 2 мамырда балам үйге денесі көгеріп, сызат, жарақатпен келді. Сосын бейнебақылау камерасын қарау үшін орталыққа бардым», — деді Әсел баласымен болған жайт туралы айта келе.
«2 мамырдағы және сәуір айының соңындағы бірнеше күннің бейнежазбасын қарап шықтым және тәрбиеші көмекшісінің баланы жүйелі түрде ұрып-соқанын білдім. Барлық бейнежазбада көмекші баламды ұрады, жұлқылайды. Бұған дейін де баламды ұрып-соққаннан кейін, мен ойланбастан 112-ге қоңырау шалып, арыз жаздым», — деп толықтырды ол.
Астаналық Әсел — көпбалалы ана, оның төрт баласы бар. Аталған орталық үйге жақын болған соң және қаржылық жағдайына қарай баласын берген.
«Енді одан әрі не істеу керектігін ойланып отырмын. Баламды ерекше балаларға арналған жеке орталыққа берейін десем, ол қымбат. Ал тегін орталық бізге жақын маңда жоқ. Басқа балабақшада да осындай жағдайдың қайталанбасына сенім жоқ», — дейді ол.
Осы орайда Әсел мемлекеттік органдардан балабақшаларда онлайн қадағалай алатындай бейнебақылау камерасын орнатуды сұрайды.
Елорданың полиция департаментінің мәліметінше, 3 мамырда сағат 19:48-де елорда тұрғыны 6 жасар ұлына қаланың оңалту орталықтарының бірінде жасалған қатыгездік фактісі бойынша арыз түсірген.
«Алматы» аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» айыбымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», — делінген полиция мәліметінде.
Ақпаратта айтылғандай, аталған факті бойынша қажетті сараптама тағайындалды.
«Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды», — дейді ведомстводан.
Сондай-ақ, болған оқиғаға қатысты елорданың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ресми түсініктеме берді.
«03.05.2023 жылы ата-аналар бейнебақылау камераларын қарау кезінде санитар тарапынан «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісіне дөрекі қарым-қатынас жасау фактісі анықталды. Полиция шақырылып, аталған факті тіркелді. Қазіргі уақытта Алматы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
4 мамырда мекеме директорының № 02-03/168 бұйрығымен ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 14-тармағы, 1-тармағы негізінде балаға қорлық көрсеткен қызметкермен еңбек шарты бұзылды.
Мекемеде балаларға қатысты заңсыз әрекеттерге жол бермеу бойынша қызметкерлермен тұрақты негізде әңгімелер мен дәрістер өткізіліп тұрады. Жоғарыда аталған қызметкерге қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы бірнеше рет ескертілген (қолхат бар)», — делінген жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының хабарламасында.
Еске сала кетсек, биыл қаңтарда елордада ерекше балаларды ұрып-соққан астаналық тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, 17 қаңтарда полицияға елорда тұрғыны «Балам-Ай» баланы дамыту орталығында оның кәмелетке толмаған ұлына қатыгездікпен қарау фактісі бойынша жүгінді.
Кейін еліміздің бас прокуроры Берік Асылов аталған оқиғаның мән-жайын анықтауды өз бақылауына алатынын мәлім етті.