Елордада балабақша кезегінде тұрған бала саны нақтыланды

Астанадағы мемлекеттік балабақшаларда 33 мың бала қамтылған. Бұл туралы елорданың коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев айтты, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды Turanews.kz .
«Елордада жалпы 64 465 баланы қамтып тұрған 457 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Оның арасында 100-і мемлекеттік балабақша, 354-і жекеменшік ұйым. Жеке сектордағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 346-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша қызметін жалғастырып отыр. Мемлекеттік балабақшаларда 32 903 бала (51%) және жекеменшік ұйымдарда 31 562 бала (49%) тәрбиеленіп жатыр», — деді С. Әділбаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде «INDIGO: электронды балабақша» порталында кезекте 52 588 бала тіркелген. Атап айтқанда:
— 0-ден 1 жасқа дейін — 15 831 бала;
— 1 жастан 2 жасқа дейін — 18 658 бала;
— 2 жастан 3 жасқа дейін — 8 332 бала;
— 3 жастан 4 жасқа дейін — 5 107 бала;
— 4 жастан 5 жасқа дейін — 3 071 бала;
— 5 жастан 6 жасқа дейін — 1 589 бала кезекте тұр.
«Ұсынылған деректерге сүйене отырып, 2 жастан 6 жасқа дейінгі кезек саны 18 093-ке жетті. Осы мақсатта балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен кеңінен қамту бағытында 2023 жылы қосымша 9 700 орын ашу жоспарланған», — деді басқарма өкілі.