ДенсаулықМәдениет

Елордада аутист балаларды қолдауға арналған «Run for autism» марафоны ұйымдастырылды

Бүгін Астанада аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған «Run for autism» қайырымдылық жүгірісі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақ» қорының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – қазақстандықтардың назарын аутизммен ауыратын адамдарға аудару, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

«Бұл жүгіріс аутизммен ауыратын адамдарды қолдауға арналған алғашқы кең көлемді шара. Осы арқылы біз халықтың назарын ересектер мен балалардың мәселелеріне аудартқымыз келеді. Бұл кезеңге дейін біз еліміздің 22 қаласындағы мектептерде аутизмге шалдыққан балаларға білім беруге арналған 46 кабинет аштық. Бүгінгі жүгіріске 1 100 адам, 100-ден астам волонтер қатысып жатыр. Әрине, бұл қуанышты жайт. Бастаманы қолдаған елорда қаласы әкімдігіне алғыс айтамын. Біз жүгірістің жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруға тырысамыз», — деп мәлім етті «Болашақ» қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Run for autism» шарасынан жиналған 6 млн теңгеден астам қаражат «Әр бала мектепке баруға лайық» жобасын іске асыруға бағытталады.

Яғни, аутизммен ауыратын бүлдіршіндердің өзгелермен тең деңгейде білім алуына жағдай жасауға жұмсалады.

Балаларға қолдау көрсету мақсатында өзге өңірлерден келген қатысушылар да болды.

Жүгіріс 4 дистанция бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км.

Шара соңында қатысушылар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button