Еліміздің шығысында 500 адамға арналған Қазақстандағы ең үлкен киіз үй орнатылды
Мерекеде жұрт емен-жарқын жүзбен қауышып, қол алысып, бір-біріне жақсы тілектерін арнады.
Еліміздің шығысында 500 адамға арналған Қазақстандағы ең үлкен киіз үй орнатылды.
Бүгін – ағайын-туыс, ел-жұрт амандық-саулық сұрасып, көрісетін күн. «Көп аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп, қар көбесі сөгіліп, күн шуағы төгілген шақта байтақ қазақ даласында «Көрісу – Амал» мерекесі басталды.
Өскемендегі Республика алаңына тігілген бас киіз үйде ата-бабадан келе жатқан көне дәстүрге сай өскемендіктер мен қала қонақтары, үлкендер мен жастар Көрісу күні – Амал мерекесіне жиналды.
Мерекеде жұрт емен-жарқын жүзбен қауышып, қол алысып, бір-біріне жақсы тілектерін арнады. Әсіресе жасы үлкендерге құрмет көрсетіліп, олар ақ батасын берді. Ақ киіз үйдің төріне жайғасқан ақсақалдар ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.
Жүрекжарды тілектер айтылған мереке Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара барысында халқымыздың ғана емес, өзге ұлттардың да ән-жыры шырқалып, ұлттық салт-дәстүр мен өнер дәріптелді.
Амал мерекесі ертеден тойланғанымен, Кеңес дәуірінде 70 жылға жуық уақыт ұмыт қалды. Қазақстан егемендік алғалы бұл дәстүр қайта жаңғырып, жыл сайын кеңінен аталып өтуде. Әсіресе, бұл мерекені Батыс Қазақстан өңірі жақсы сақтап қалған.
«Шығыс Қазақстанның рухани ханымдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мараш Матиева Наурыз бен Амал мерекесінің қазақ ұлтына ғана емес, өңірдегі шешен-ингуш, неміс, татар-башқұрт және басқа да этностарды ортақ рухани құндылықтармен байланыстыратынын атап өтті.
– Биылғы Наурызда Өскеменде он керегелі үлкен ақ боз үй тігілгенінің өзі халықтың Ұлыстың ұлы күніндегі көңіл-күйін асқақтата түсті. Біздің ақсақалдар кеңесінде мектепте 40 жыл ұстаз болған, түрлі салаларда еселі еңбек еткен ардагерлеріміз бар. Олармен бірлесе отырып, ықшам аудандағы мектептерге жиі барып, жас ұрпаққа ата дәстүрімізді дәріптеу мақсатында кездесулер өткізіп тұрамыз. Бүгін Амал мерекесіне жиналып, кейінгі ұрпаққа ақ тілегімізді арнап, аман-есен қауышып жатырмыз, – деді ЖМК ықшам ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Нұрмұхамбетов.
Оның айтуынша, бұл күні ағайын-туыс бұрынғы өкпе-назын ұмытып, араздықты жойып, бір-бірімен татуласады. Көшпелі халық үшін қыстан аман шығу оңай болмаған, сондықтан Наурыз қарсаңында бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіру ежелден қалыптасқан дәстүр.
Көрісу күні – елді береке мен бірлікке бастайтын мереке.