
Мәселен, халықаралық рейтингтік агенттіктердің ресми сайттарының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 75 қазақстандық компанияның мынадай жария кредиттік рейтингтері болды:
Moody ‘s Investors Service агенттігінен — 25%, Fitch Ratings агенттігінен — 42%, Standard & Poor’ s агенттігінен – 34%. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанның рейтингтік қызметтер көрсету нарығы мынадай: Fitch Ratings агенттігі — 42%, Moody’s агенттігі — 25% , S&Pагенттігі — 34%.
Осы нарықтың дамуын тежейтін бірнеше негізгі фактор байқалады. Мәселен, кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің болмауы, жергілікті рейтингтік агенттіктер құру және олардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық талаптардың болмауы және қазақстандық компаниялар үшін, әсіресе, орта бизнес үшін рейтингтік қызметтер көрсетудің жоғары құны және шектеулі қолжетімділігі сынды проблемалар бар.
«Осыған орай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, кредиттік рейтингтік агенттік қызметін реттейтін заң жобасын әзірледі. Заң жобасында бірнеше жетекші халықаралық ұйымның ұсыныстары ескерілді. Мысалы, IOSCO компаниясы, яғни ол бағалы қағаздар жөнінде комиссиялардың халықаралық ұйымының стандарттары. Ол стандарттарға сәйкес рейтингтік агенттіктер үшін кәсіптік мінез-құлықтың негізгі қағидаттарын айқындайды және бағалы қағаздар нарығын реттеу мақсаттарын белгілейді», – деді спикер.
Сондай-ақ Базель банктiк қадағалау комитетінің талаптары да қарастырылды, ол Базель II және Базель III шеңберінде кредиттік тәуекелдерді бағалау агенттіктеріне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды. Оған қоса, Еуропалық Одақтың директивалары да
ескерілді.
«Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» заң жобасында негізгі халықаралық институттар ұсынған кредиттік рейтингтік агенттіктердің қағидалары қамтамасыз етілген. Мәселен, құжат объективтілік, тәуелсіздік, ашықтық, ақпаратты жария ету, ресурстардың жеткіліктілігі, рейтингтік агенттіктердің тұрақты қадағалауы мен есептілігі сияқты негізгі қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталады.
Заң жобасы Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген және кредиттік тәуекелдерді тәуелсіз рейтингтік бағалау институтын дамытуға жағдай жасауға бағытталған, бұл қор нарығының құралдары арқылы бизнесті қаржыландыру тетіктерін кеңейтуге ықпал етеді.