Еліміз халықаралық азық-түлік хабына айнала ма?
Қазақстанда халықаралық азық-түлік хабын құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының бас директоры Ерлан Байдәулет мәлім етті, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
«Бүгінгі іс-шараны өткізудегі мақсат – Таяу Шығыс елдеріне Ислам елдерінен инвестициялар тарту процесін жеделдету, жандандыру. 2009-2010 жылдары ислам қаржыландыру туралы заң қабылданды. Бірақ, заңның белгілі бір тармақтары бойынша толық қолдаудың болмауына байланысты мәселелер тоқтатылды. Дегенмен, Астана халықаралық қаржы орталығы қызметінің дами түсу сәтінен бері іс қайта жандана бастады. Биыл Сукук сертификаттары бойынша шариғатқа сәйкес Ислам әлемінен инвестициялар тарту жүзеге асырылып жатыр», — деді Ерлан Байдәулет Сыртқы істер министрлігінде Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының ұйытқы болуымен өткен семинар барысында.
Ұйым басшысының айтуынша, Ислам әлемінен инвестициялар тарту үрдісі әлем бойынша белсенді жүріп жатыр.
«Қазақстанға келсек, маусымның басында алғаш рет лизингтік операцияларды дамыту үшін 2 млрд теңге сомасында Сукук сертификаттары берілді. Бұл – бағалы қағаздар ұлттық валютада шығарылған алғашқы прецедент. 2011 жылы Қазақстан даму банкі дамуының бастапқы кезеңінде Қазақстанға малайзия валютасында Сукук сертификаты тартылған еді. Осы орайда, Таяу Шығыстағы инвесторлардың ислам қаржы құралдары арқылы инвестиция тартуға деген қызығушылығы біз үшін өзекті.
Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Қазақстанды халықаралық азық-түлік хабы ретінде дамыту бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағытты дамыту маңызды және бүгінгі шара Таяу Шығыс инвесторларымен өзара әрекеттесуде септігін тигізеді», — деді Ерлан Байдәулет.
Айта кетсек, Сыртқы істер министрлігінде Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының ұйытқы болуымен «Ауыл шаруашылығына инвестиция салу үшін Сукук» атты семинар өтті. Аталған шараға құзырлы мемлекеттік органдар өкілдері, сала сарапшылары мен шетелдік меймандар қатысты.