Қазақстанның бірінші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина «Уимблдон» турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды Turanews.kz BasSport.kz порталына сілтеме жасап.
Оның қарсыласы британдық Кэти Боултер болды. Екеуі жасыл кортта алғаш рет жолығып отыр.
Лондонда тағы да жаңбыр жауғандықтан, орталық корттағы матчтың өзі уақытынан әлдеқайда кешігіп басталды. Рыбакинаға қарсыласын жеңу үшін екі сет қажет болды. Оның үстіне қазақ спортшысы қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 56 минутқа созылды. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында жерлесіміз 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.
Енді 1/8 финалдағы Елена Рыбакинаның қарсыласы — WTA әлемдік рейтингінде 13-ші орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад-Майя.
Е.Рыбакина үшін бразилиялық теннисші өте қолайсыз қарсылас. Биыл Әбу-Дабиде Беатрис 3:6, 6:3, 6:2 есебімен басым түсті. Сондай-ақ Штутгартта 6:1, 3:1 есебімен басым тұрғанда, Рыбакина бәсекені жалғастырудан бас тартты.