БастыСпорт

Елена Рыбакина алғаш рет Штутгарт турнирінің чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 27-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездескен еді. 2023 жылы Аделаиде (Аустралия) турнирінде Костюк 6:7 (5:7), 6:2, 6:3 есебімен ұтса, АҚШ ашық чемпионатында Рыбакина есе қайырған еді – 6:2, 6:1.

Бұл жолы қазақстандық теннисші матчты брейкпен бастады – 2:0. Бұдан кейін есепті 5:2-ге жеткізіп, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Екінші партияда да Рыбакина 2:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:2. Содан соң төртінші матчболын пайдалана алды – 6:2.

Бір сағат 9 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Осылайша, Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Штутгарт жарысының чемпионы атанды. Ол 500 рейтингілік ұпайға қоса «Порше» автокөлігіне ие болды.

 

Source
ktf.kz

TuraNews

Back to top button