Ел бірлігінің нышаны: Өскеменде Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ескерткіш тақта ашылды
1 наурыз күні Өскемендегі Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл маңызды оқиға ел бірлігі мен этносаралық ынтымақтастықтың символына айналып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолындағы тағы бір айшықты белес болды.
Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы өз жолдауында Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жыл ішінде елдегі тұрақтылық пен татулықтың тірегіне айналғанын атап өтті. Осы жылдар ішінде Шығыс Қазақстанда этносаралық келісім мен өзара сыйластыққа негізделген ерекше мәдени орта қалыптасты.
– Сіздердің ұлтаралық диалогты дамытуға, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлестеріңіз орасан. Жүргізіп отырған қызметтеріңіз халықты бір мақсатқа ұйыстырып, достық пен ынтымақтың берік іргетасын қалауға септігін тигізуде. Бүгін, Алғыс айту күні қарсаңында, сіздерге ел бірлігі жолындағы адал еңбектеріңіз бен патриоттық ұстанымдарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Салтанатты жиын барысында облыс әкімі этносаралық татулық пен ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен өңір белсенділерін марапаттап, оларға алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, жиында этникалық және мәдени байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Шығыс Қазақстан облыстық Ассамблеясы түрлі мәдени, білім беру және әлеуметтік жобаларды белсенді жүзеге асырып келеді. Жуырда ҚХА жастары республикалық қысқы лагерь ұйымдастырып, елдің әр өңірінен келген жас өкілдерді бір алаңға тоғыстырды. Сонымен қатар, студенттік Ассамблеялар құрылып, жастар қайырымдылық шараларына белсене қатысуда.
Өңірде ҚХА-ның жастар және балалар театры табысты жұмыс істеп келеді. Биыл театр ұжымы Абай және Павлодар облыстарына, сондай-ақ Астана қаласына гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.
Қазақ тілі мен мәдениетін дамыту бағытында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қонақжай отбасы» жобасы. Бұл жоба арқылы балалар ұлттық дәстүр мен мемлекеттік тілді терең меңгеріп, әртүрлі этнос өкілдері арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік алады.
Достық үйлерінде дәстүрлі түрде жұмыс істейтін тіл мектептерімен қатар, өткен жылы қосымша 25 «Кел, сөйлесейік» қазақ тілі клубы ашылды. Қазіргі таңда аудандарда әртүрлі жастағы азаматтарға арналған 74 Мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істеп тұр, ал биыл олардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бастамасымен Өскеменде Достық үйінің маңында «Достық» Арбаты ашылады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, Достық үйінде заманауи «Комьюнити залы» пайдалануға берілмек.