
Ол елдің тұрақты дамуы үшін қуат көздерін әртараптандырумен қатар, атом энергетикасын дамытуға ерекше мән беру қажет екенін айтты.
Президенттің айтуынша,
«Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын “жасыл” энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады».
Алайда Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанның түпкі мақсаты тек энергия көздерін өзгерту емес, ол – елдің ұзақ мерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму бағытын қамтамасыз ету.
«Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша. Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба “Росатоммен” бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде атом саласындағы стратегиялық серіктестік туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін де атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстанның барлық жетекші компаниялармен ынтымақтастыққа ашық екенін айтты:
«Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді», – деді ол.
Президент көмір энергетикасына қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанның көмір қоры мол және оны заманауи технологияларды пайдалана отырып дамыту қажет.
«Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек», – деді Тоқаев.