Қазіргі уақытта сәби мен ананың жағдайы қалыпты.Медициналық бригада толғатып жатқан әйелге жеткенше, күйеуі 103 диспетчерінің барлық нұслаулығын орнымен орындап, келіншегін босандырып алған. Әйел адам жүктіліктің 41-ші аптасында болған екен. Оқиға 28 қаңтарға қарағанда түнде болыпты.
— 103 пультіне жүкті әйелдің аяқ астынан толғағы басталғаны туралы хабарлама түсті. Біздің бригада жеделділіктің бірінші санаты бойынша шұғыл жіберілді. Олар көрсетілген мекенжайға 9 минутта жетті. Дейтұрғанмен осы уақыт ішінде жедел жәрдем диспетчері келіншектің жұбайына босандырудың барлық тәсілдерін телефон арқылы түсіндіріп отырған. Ер адам еш асып-саспастан оның нұсқауларын орындап, әйелін аман-есен босандырып алды. Қазір дүниеге келген ер бала мен оның анасының денсаулығы қалыпты. Олар перзентханаға жатқызылды,-деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем қызметі стансасынан.
Былтыр павлодарлық жедел жәрдем қызметкерлері 22 әйелді үйде босандырған. Ал биылғы жыл басынан үйде толғатып жатқан 6 әйелге шақырту түскен. Көп жағдайда «қоңырауды ұстап тұру» әдісі, яғни 103 диспетчерінің ақыл-кеңесі пайдаланылған.
Облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ольга Вербоваяның айтуынша, босандыру шараларын 103 қызметінің кез келген қызметкері жүзеге асыра алады. Былтыр неонатология бойынша 100 қызметкер біліктілігін арттырған.