Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Компания хабарына қарағанда, 27 қарашада сағат 01:20-да №11 қазанагрегат тоқтап қалған. Сағат 01:30-да желілік судың көп шығындалуына байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалды.
«Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр», — делінген хабарламада.
Коммуналдық қызмет жағдайды ушықтырмау үшін қала тұрғындарынан желілік суды ағызбауды сұрады. «Құбырлар толығымен салқындап, үй жалпы жылу жүйесінен ажыратылған жағдайда ғана жүйеден желілік суды ағызу қажет», — деп түсіндірді «Екібастұзжылуэнерго» өкілдері.
Залал туралы ақпаратты +7 701 705 49 57 нөміріне диспетчерлік What’sApp қызметіне дереу жіберу қажет.
«Қазіргі таңда тұрғындардың жылумен қамту жағдайын тұрақтандырудағы басты көмегі — жылу желілерінің зақымдануы туралы ақпарат. Іске қосылғаннан кейін тұрғындарға жылу құбырларын тарту және ақауларды жою бойынша көмек қажет болады», — деп түйіндеді коммуналдық қызмет өкілдері.
Айта кетейік, Gismeteo мәліметінше, бүгін Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендейді.