
Елімізде 2025 жылғы көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Биылғы егіс жұмыстары диқандар үшін жаңа жағдайда өтті. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, жаңа тәсілдер енгізді. Осы жылдан бастап шаруалар үшін жеңілдетілген несиелер 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қолжетімді болды. Бұған дейін мұндай қаржыландыру наурыз айында – егіс науқаны басталған сәтте ғана қолжетімді болатын. Жаңа тәртіп шаруаларға қажетті ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік қолдау шараларының, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында көктемгі егіс жұмыстары агротехникалық мерзімдерге сәйкес атқарылды. Бұл тәсіл негізгі дала жұмыстарын уақытынан бұрын орындауға, стратегиялық маңызы жоғары дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға және материалдық-техникалық базаны тиімді жаңғыртуға мүмкіндік берді. Осылайша, ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамытуға және мол өнім алуға берік негіз қаланды.
Аталған шолу материалында дала жұмыстарының жүргізілу қарқыны, пайдаланылған егіс алқаптарының көлемі, негізгі астық егетін өңірлердегі серпін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерінің материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуінің негізгі көрсеткіштері бойынша өзекті ақпарат ұсынылған.
Әртараптандыру мен тиімділікке басымдық
2025 жылғы көктемгі егіс науқаны елімізде жер өңдеу тәсілдерінің өзгеруі жағдайында өтті. Негізгі назар ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мен монодақылдарға тәуелділікті азайтуға аударылды. 6 маусымдағы мәліметке сәйкес, 23,7 млн гектар немесе жоспарланған көлемнің 100%-ы егілді.
Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық тәуекелдерге бейімдеуге ғана емес, сондай-ақ ғылыми негізделген ауыспалы егіс нормаларына сүйене отырып, нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, сұранысқа ие дақылдар алқаптары ұлғайды:
- майлы дақылдар – 3,4 млн гектар (өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн гектарға артық);
- мал азығы дақылдары – 3,3 млн гектар (плюс 114 мың гектар);
- дәндік жүгері – 167,5 мың гектар;
- көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар.
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар дақылдар бойынша да оң динамика байқалды: картоп алқаптары 83,4 мың гектарды құрады – бұл өткен маусыммен салыстырғанда 11,3 мың гектарға артық.
Сонымен қатар ресурсты көп қажет ететін әрі баға құбылуына сезімтал дақылдардың – бидай, күріш және мақтаның – егіс көлемі қысқарып келеді. Мәселен, бидай алқабы 13 млн гектарды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 187 мың гектарға азайды.
Осылайша, егіс көлемін әртараптандыру стратегиясы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамытуға серпін беріп отыр.
Тұқым қоры бойынша айтқанда, 2025 жылғы егіс науқанына республика бойынша 2,3 млн тонна тұқым дайындалды. Бұл егіншілердің егіс науқанына уақтылы және ресурс тапшылығынсыз шығуына мүмкіндік берді.
Бүгінде елімізде сапалы тұқым өндіру және өткізу саласында маманданған 246 субъект аттестатталған. Олардың ішінде 28 шаруашылық – түпнұсқа тұқым, 82-сі – элиталық тұқым, ал 136-сі – І, ІІ және ІІІ репродукциялы тұқым өндірумен айналысады. Бұған қосымша, 129 ұйымға импорттық тұқымдарды өткізуге рұқсат берілген.
Сапалы тұқым материалдарының қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан тұқым сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу түрінде қолдау шарасы іске асырылуда. Тұқым шаруашылығының санатына және репродукция деңгейіне қарай, мемлекет тұқым құнының 50%-дан 70%-ға дейінгі бөлігін субсидиялайды.
Еліміздің негізгі астықты өңірлеріндегі егіс науқанының барысы
Елімізде дәстүрлі түрде негізгі астықты өңірлерге Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі көбіне осы өңірлердегі нәтижелерге байланысты болғандықтан, бұл аймақтарға ерекше назар аударылады.
Ақмола облысы егіс науқанын алғашқылардың бірі болып мерзімінен бұрын аяқтап, елдегі жетекші аграрлық өңір мәртебесін тағы бір мәрте растады. Өткен жылы осы кезеңде жұмыстардың небәрі 60%-ы орындалса, биыл облыс жоспарланған мерзімнен үш апта бұрын тапсырманы толық орындады.
Жалпы егістік көлемі 5,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 63 мың гектарға артық. Ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы және барлық қажетті ресурстардың жұмылдырылуы көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай және оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берді.
Маусымға дайындық қыс мезгілінде басталды: ауқымды қар тоқтату жұмыстары жүргізілді, ал көктемде – ылғал сақтау және 2 млн гектардан астам жер өңделді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Жұмысқа заманауи егіс кешендерін қоса алғанда, шамамен 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы тартылды, бұл жұмыстың тиімділігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етті.
Мемлекеттік қолдаудың да рөлі зор болды. 770-тен астам шаруашылық 100 млрд теңгеден астам сомаға несие алды, ал егіс жұмыстары үшін 76 мың тоннадан астам дизель отыны төмендетілген бағамен бөлінді.
Егіс құрылымында стратегиялық маңызы бар дақылдардың үлесі артты: дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,6 млн гектарға егілді, ал майлы дақылдар алқабы 430 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 161 мың гектарға артты. Сонымен қатар мал азығы, көкөніс және картоп егілетін алқаптар да кеңейтілді.
Қостанай облысының диқандары да егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл өңірде 5 млн гектардан астам алқапқа егін егу жоспарланған. Майлы және әлеуметтік маңызы бар дақылдар, сондай-ақ мал азығы дақылдарының үлесі айтарлықтай артты.
Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 755 мың гектарға дейін ұлғайып, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-дан аса көп. Картоп алқабы екі есе артып, 7 мың гектарды, ал қарақұмық екі есе артып – 21 мың гектарды құрады. Өңірде егіс науқаны толық аяқталды.
Егіншілерді қолдау мақсатында өңірде «Кең Дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бастама аясында жергілікті шаруа қожалықтары «СПК Тобыл» АҚ арқылы 20 млрд теңгеден астам және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 21 млрд теңгеден астам несие алды. Сондай-ақ шаруалар ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу бағдарламасын пайдаланып, 4 млрд теңгеден астам қаражат тартты.
Өңірдегі басты басымдықтардың бірі – техниканы жаңарту. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруалар 12 млрд теңгеден астам сомаға 385 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға келісімшарт жасасты. 2024 жылы өңір шаруашылықтары 173 трактор және 97 комбайн алды.
Солтүстік Қазақстан облысында қардың ерте еруі және көктемде температураның тұрақты жоғарылауы егіс науқанының уақтылы басталуына қолайлы ауа райы жағдайын қамтамасыз етті.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 4,4 млн гектарды құрайды. Дәстүрлі негізгі дақыл – дәнді дақылдар: 3,3 млн гектар. Майлы дақылдар алқабы 760 мың гектарға дейін ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда 85,8 мың гектарға артты. Бұл өсім күнбағыс (+24,6 мың га), зығыр (+47,9 мың га) және рапс (+16,3 мың га) алқаптарының кеңеюі есебінен қамтамасыз етілді. Мал азығы дақылдарына 392 мың гектар, картопқа – 8 мың гектар, көкөністерге – 1,3 мың гектар бөлінді.
Өңірде егіс жұмыстары сәуір айының соңында басталып, агротехникалық талаптарға сай және уақытында жүргізілді. Соның арқасында өңір бұршақ және майлы дақылдарды себуді алғашқы болып бастаған аймақтардың қатарына енді.
Егіс жұмыстарының толық орындалуы және диқандардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі
Қазіргі уақытта дәнді-бұршақты дақылдарды егу толық көлемде аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді. Егіншілердің иелігінде 470 мың тонна сапалы тұқым бар, оның ішінде 52,6 мың тоннасы — элиталық тұқым. Сорт жаңарту деңгейі 11,2 пайызды құрап отыр. Минералды тыңайтқыштар 317,1 мың тонна көлемінде шартқа отырғызылған, бұл егісті сапалы агротехникалық өңдеуден өткізуге мүмкіндік береді.
Дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техника паркі толық қамтамасыз етілген. Егіс жұмыстарына 12,3 мың трактор тартылған, оның ішінде 4 мыңнан астамы — жоғары өнімді техника. Сонымен қатар 13,7 мың дән себетін техника мен 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмыс істеуде. Техникалық дайындық деңгейі 100 пайызды құрайды.
Шаруалар 52,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді, оның литрі 254 теңге болып белгіленген. Бұл нарықтық бағадан (311 теңге/литр) едәуір төмен.
Егіс жұмыстарының уақтылы әрі сапалы жүргізілуінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шешуші рөл атқаруда. «Кең Дала 1» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында шаруалар 92,6 млрд теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізді. Оның ішінде 37 млрд теңге «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бағытталды. Ал «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 14,4 млрд теңге бөлініп, 442 техника бірлігі қаржыландырылды. Сонымен қатар форвардтық сатып алу тетігі аясында қосымша 7,4 млрд теңге қаражат бөлінді.
Егіс және жинау науқандарын қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау
Жыл сайын отандық шаруалар үшін жеңілдетілген қаржыландырудың жеткіліксіздігі өзекті мәселе болып келді. 2023 жылы республикалық бюджет қаражатынан бөлінген қаржы есебінен «Кең дала» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 140 млрд теңге сомасына 3 615 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылып, 3,6 млн гектар егіс алқабы жеңілдетілген қаржыландырумен қамтылды.
Алайда қолжетімді несиенің жеткіліксіздігінен көптеген шаруа агротехнологиялық талаптарды толық сақтай алмады, сапалы тұқымдар мен жеткілікті минералды тыңайтқыштар сатып алмаған, өсімдіктерді қорғау шаралары төмен деңгейде жүргізілді, ал бірқатары ескірген техникамен жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Мәселенің түпкі себебі – саланы бұрынғыдай тікелей мемлекеттік қаржыландыруға негіздеу арқылы бюджет несиелерінің жетіспеушілігіне байланысты болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін жеңілдетілген несие қаражатына қолжетімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Өткен жылы осы бағыттағы тәсілдер түбегейлі қайта қаралды.
Осылайша, коммерциялық қаражат пен қаржы құралдарын біріктіру есебінен 2024 жылы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 еседен астам артты. Несие беру көлемінің ұлғаюы нарықтық құралдарды, атап айтқанда, облигациялық қарыздарды тарту және олардың купондық сыйақыларын субсидиялау есебінен мүмкін болды. Бұл механизмді іске асыру үшін 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 60 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар шаруаларға жылдық 5% мөлшеріндегі «таза» жеңілдетілген несиені барынша қысқа мерзімде жеткізу міндеті қойылды.
2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 700 млрд теңге бөлінді. Егіншілер техника сатып алуға және оны жеңілдетілген 5% мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік алуы үшін тағы 250 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен қаржыландыруға бағытталды.
Бұл қаражат әрбір шаруашылыққа нақты жетуі үшін алты бағыттан тұратын тарату жүйесі құрылды. Олардың қатарында:
- «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ,
- екінші деңгейлі банктер,
- микроқаржы ұйымдары,
- өңірлік инвестициялық орталықтар,
- несие серіктестіктері,
- әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) бар.
Бұл ретте еліміздегі АӨК тарихында алғаш рет егіс науқанын жеңілдетілген қаржыландыру 2024 жылғы желтоқсаннан басталғанын атап өткен жөн. Бұл 2025 жылғы науқанды ерте қаржыландыру бастамасының арқасында мүмкін болды.
Осылайша, Үкімет қолдауының арқасында қысқа мерзім ішінде шаруаларға тек «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар мен несие серіктестіктері арқылы ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да тікелей қаржыландыру жолымен қолжетімділік қамтамасыз етілді.
Көктемгі егіс және жинау жұмыстары кезінде кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі көзделген. Бұл тетік несие сомасының 85%-ына дейінгі бөлігін кепілдендіруге мүмкіндік берді.
Өтінімдер қабылдана бастаған сәттен бастап жалпы сомасы 493,5 млрд теңгеге 7407 өтінім қабылданды. Оның ішінде 6988 өтінім мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл 7,3 млн гектар егіс жұмыстарына дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Кепілдік базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін «Даму» қоры арқылы шағын және жаңа бастаған фермерлердің қаржыға қол жеткізуі қамтамасыз етілді. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 166,5 млрд теңгеге 1134 кепілдік беріліп, берілген несиелердің жиынтық көлемі 195,9 млрд теңгені құрады.
Жеңілдетілген қаржыландыру аясындағы өндірушілерді қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – бұл лизинг. Саланы сапалы техникамен жаңартпай, оның әлеуетін арттыру мүмкін емес. Осы мақсатта 2024 жылы 120 млрд теңге көлеміндегі қаражат «КазАгроФинанс» желісі бойынша «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасын іске асыруға қайта бағытталды.
Мұнда атап өтерлік жайт, бұған дейінгі жылдары КАФ қаржыландыруының жалпы көлемі жылына 170–175 млрд теңге шамасында болып, оның 90%-ы жылдық 20–22% коммерциялық мөлшерлеме бойынша ұсынылатын. Мұндай жоғары пайыздық сыйақы көптеген шаруалар үшін қолжетімсіз болатын. 2024 жылы шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен ең қажетті отандық техника түрлерін сатып алуға жағдай жасалды. Бұл отандық машина жасау саласының дамуына оң әсерін тигізуде.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 870 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 4 320 бірлік ең қажетті отандық техника сатып алды.
Сондай-ақ шаруаларды қолдаудың қосымша шарасы ретінде өсімдік шаруашылығы өнімдері мен отандық шикізаттың өткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатымен қамтамасыз етуге арналған 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен жаңа қаржыландыру тетігі іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыру мәселесі шешімін тапты. Аталған бағыт бойынша 2024 жылы қаржыландыру көлемі 35 млрд теңгені құрады. 2025 жылы бұл мақсатқа 40 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Негізгі құралдардың қатарында – инвестициялық субсидиялар, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы бар. Бұл тетіктер шаруаларға заманауи техниканы анағұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.
Ең маңызды ынталандыру құралы – инвестициялық субсидиялау бағдарламасы, оның шеңберінде шаруаларға сатып алынған техниканың құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (оның басымдық деңгейіне қарай). Қосымша қолдау ретінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған: басым техникалар үшін – 6%-ға дейін, қалған түрлер үшін – 15%-ға дейін. Бұдан бөлек, фермерлерге жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген лизинг бағдарламасы белсенді түрде дамып келеді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдеу құралдары тіркелген. 2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрап, 2023 жылғы 4,5%-дан айтарлықтай асып түсті. 2025 жылға жоспарланған көрсеткіш – 6,5%. Жалпы алғанда, техника паркін технологиялық тұрғыдан заманауи деңгейде ұстау үшін жаңарту деңгейін 8–10%-ға жеткізу қажет.
Министрлік 2028 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техника лизингінің жеңілдетілген бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделуде.
Қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары машинно-трактор паркін жедел жаңартуда жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл – нақты көрсеткіштермен дәлелденеді: егер 2017 жылы 8,5 мың бірлік техника ғана сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 22,1 мыңға жетіп, 2,5 есеге артты.
Әсіресе, «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы шеңберінде айтарлықтай ілгерілеу байқалады: 2025 жылы бөлінген 250 млрд теңге шамамен 6 мың бірлік техника сатып алуға мүмкіндік береді. 24 ақпаннан бастап (өтінімдер қабылдана бастаған күннен) «ҚазАгроФинанс» АҚ-ға 129,2 млрд теңге сомасына 3 555 өтінім келіп түсті. Қазіргі уақытта жалпы құны 85,7 млрд теңге болатын 4 580 техника бірлігін жеткізуге 2 400 келісімшарт жасалды.
Заманауи егіс кешендері биылғы егіс науқанында белсенді түрде қолданылуда – 5,6 мың бірлік техника дәнді дақылдар егісінің 70%-ын қамтып отыр. Бұл John Deere, CLASS, RSM сынды жетекші әлемдік брендтердің техникасы, олар дәл егіншіліктің GPS, автопилот, тұқымдарды дәл себу, тыңайтқыш пен гербицид енгізу жүйелерімен жабдықталған.
Егіс науқанының табысты өтуіндегі маңызды фактор – жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) үздіксіз қамтамасыз ету. 2025 жылы егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді (2024 жылы – 376,4 мың тонна). Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шамамен 17 мың өтінім қабылданды. Мемлекеттік реттеу шараларының арқасында дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 254 теңгені құрады, бұл АЖС-тердегі нарықтық бағадан (301–307 тг/л) 15–20% төмен.
Министрлік тарапынан өңірлерге отын жөнелтуді күнделікті бақылау жүзеге асырылуда: жоспарланған 368,8 мың тоннаның 339 мың тоннасы (92%) төленіп, 308 мың тоннасы (84%) жөнелтілді.
Мемлекет тарапынан қабылданған шаралар машинно-трактор паркін жаңарту мен шаруаларды ЖЖМ-мен қамтамасыз етуде нақты нәтижелер беріп, АӨК-тің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасады.
Жалпы алғанда, 2025 жылғы егіс науқаны еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамуындағы жаңа кезеңнің айқын көрінісіне айналды. Мемлекет басшысының бастамалары мен Үкіметтің жүйелі жұмысының арқасында егіншілер алғаш рет маусым басталмай тұрып-ақ жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Мемлекеттік қолдау тетіктеріне енгізілген түбегейлі өзгерістер көмегімен тек көмек көрсету ауқымы мен тиімділігі кеңейіп қана қоймай, алдыңғы жылдарға тән басты мәселелер – айналым қаражатының жетіспеушілігі мен далалық жұмыстардың кеш басталуы – шешімін тапты. Бұл өз кезегінде науқанды дер кезінде жүргізуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары сапалы егін егуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде тек нақты ұйымдастыру мен жоғары қарқын ғана емес, сонымен қатар орнықты әрі әртараптандырылған егіншілікке көшу бағытында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Осылайша, сапалы өнім алуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға берік негіз қаланды.