Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) болжамына сәйкес, Қырғызстан 2026 жылы Орталық Азия өңіріндегі экономикалық өсімі ең жоғары ел болмақ. Бұл туралы банк сарапшысы Айгүл Бердіғұлова Алматыда өткен макроэкономикалық болжам таныстырылымында мәлімдеді, деп жазады Trend.az.
Оның айтуынша, Қырғызстан үшінші жыл қатарынан аймақтағы экономикалық өсім бойынша алдыңғы орында келеді. 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 10%-дан асады деп күтілсе, 2026 жылы өсім көрсеткіші 9,3% деңгейінде тұрақтап, елдің өңірдегі көшбасшылығын әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік береді. Бұл серпілістің басты себептері ретінде инвестициялық белсенділіктің артуы мен халықтың жоғары тұтынушылық сұранысы аталып өтті.
Инвестициялар алдағы уақытта да ел дамуының негізгі қозғаушы күші болып қала бермек. Әсіресе көлік, энергетика және сумен жабдықтау салаларына басымдық берілмек. Сондай-ақ Қырғызстан билігі 2028 жылға қарай толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуді көздеп отыр; осы мақсатта елде 100-ге жуық жаңа ГЭС салынып, жаңартылатын энергия көздері белсенді іске қосылуда. Экономиканың жедел дамуы бағаның өсуіне де әсер етіп, 2026 жылдың соңына қарай инфляция 8,3%-ды құрауы мүмкін. Дегенмен ұлттық валюта — сомның тұрақты бағамы мен ақша аударымдарының артуы инфляцияны біртіндеп 5-7% нысаналы дәлізіне қайтаруға жағдай жасайды.
Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) — қатысушы мемлекеттердің (Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Өзбекстан) экономикалық интеграциясына ықпал ететін халықаралық қаржы ұйымы.



